Малайзиялық холдинг Қазақстанның ұлттық автомобиль брендін жасайды

675

"Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингінде Малайзияның Perusahaan Otomobil Nasional Sdn. Bhd. (PROTON) автомобиль компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті.  

Малайзиялық холдинг Қазақстанның ұлттық автомобиль брендін жасайды Фото: baiterek.gov.kz

Құжат Қазақстанда автомобиль өнеркәсібін дамытуға және ұлттық автокөлік өндірушісін құруға бағытталған, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Холдинг тарапынан меморандумға басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин, ал PROTON тарапынан компанияның корпоративтік стратегия жөніндегі вице-президенті Айнил Азмил Абу Бакар қол қойды.

"PROTON компаниясымен ынтымақтастық отандық автопромды дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Біздің серіктестеріміздің тәжірибесі мен технологиялары заманауи өндірістік база қалыптастыруға және ұлттық автомобиль брендин құруға негіз болады. Бұл елдің индустриялануына және экономикалық өсіміне үлес қосады", – деді Рустам Қарағойшин.

Өз кезегінде PROTON компаниясының вице-президенті Айнил Азмил Абу Бакар меморандумға қол қойылуын компанияның Қазақстандағы халықаралық қатысуын кеңейтудегі маңызды кезең деп атап өтті.

"Қазақстанның стратегиялық бастамасының бір бөлігі болуға қуаныштымыз. Біздің тәжірибеміз бен технологиялық шешімдеріміз жергілікті өндірісті дамытуға және екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді", – деді ол.

Келісім технико-экономикалық зерттеулер жүргізуді, жергілікті серіктестерді анықтауды және қаржыландыру тетіктерін әзірлеуді қарастырады. "Бәйтерек" холдингі отандық машина жасау саласын дамытуға және халықаралық инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бастамаларды қолдауды жалғастырады.

А Н Ы Қ Т А М А:

PROTON Holdings Bhd  Малайзияның алғашқы ұлттық автомобиль жобасы ретінде құрылған компания. Компанияның мақсаты – елдің экономикалық дамуын жеделдету және жергілікті автомобиль өнеркәсібінің негізін қалау. 2017 жылы PROTON компаниясы DRB-HICOM және Zhejiang Geely Holding Group арасындағы серіктестіктің арқасында қазіргі заманғы және жаһандық автокөлік бренді ретінде дамудың жаңа кезеңіне қадам басты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу