Мәліметке мән бермеген қай министрлік?

468

Бүгін "Қазақстан ғарыш сапары" ұлттық компаниясы "Абай облысындағы алапат өрттің жай-жапсары әуелде белгілі болды" деген ақпарат таратты.

Мәліметке мән бермеген қай министрлік?

8 маусым күні компания космо-мониторинг жасап, өрт ошағы мен оның таралуы туралы мәліметті жауапты министрліктерге ұсынған. Алайда, ашық мәліметті не Төтенше жағдайлар, не Экология министрлігі қаперіне алмаған сияқты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Қазақстан ғарыштан күнінен 8 рет суретке түсіріледі екен. Онлайн түрде ұсынылатын ақпарат ең әуелі Төтенше жағдайлар мен Экология министрлігіне жіберіледі. Мұндағы мақсат – орман және дала өрттерінің алдын алу.

"Ол геоқызметте Төтенше жағдайлар министрлігінің өз жұмысын жоспарлауға арналған барлық деректер жиналған. Яғни, ол жерде өрт сөндіру бекеттері, су алуға болатын су қоймалары немесе әртүрлі деңгейдегі жолдар, елді мекендердің аумақтары, барлығы бір сол картада көрсетілген", - деді "Қазақстан ғарыш сапары" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Өскен Тойшыбеков.

Бір ғажабы, картада, тіпті, ауа температурасы, желдің бағыты мен жылдамдығы, жауын-шашын туралы болжамдар да егжей-тегжейлі жазылады екен. Геоқызмет тек өртті ғана емес, су тасқыны, сел сияқты тағы басқа да табиғат апаттарын бақылап отырады. Егер қауіп төніп тұрса, ақпарат ары қарай жергілікті департаменттерге жолданады.

"Сол кезекшілер біздің геосервистерді қарап кез келген жаңа өрт ошағы туралы ақпаратты алып, соны тексеріп отырады. Қажет болған жағдайда ол қызметкерлер бізге хабарласып қосымша деректер сұрап ала алады", - деді "Қазақстан ғарыш сапары" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Өскен Тойшыбеков.

Осыдан кейін қолында нақты ақпараттары бар министрлік неге жедел шешім қабылдамады деген ой келеді. Ал бұл сауалды Төтенше жағдайлар және Экология министрліктеріне де қойдық. Бірақ олар бір-біріне сілтеп, жауап беруден бас тартты. Саясаткер Мэлс Елеусізов "бұл құзыретті органдардың жауапсыздығы және қос министрліктің бірлесе жұмыс істей алмауы" дейді. 

Осыдан кейін, ғарыш сапарынан келіп түскен деректер Ильинге жетті ме екен деген ой келеді. Өйткені бұрынғы Төтенше жағдайлар министрі жай ғана бұйрық беріп қойып, өзі 2 күн бойы Солтүстік Қазақтанда жұмыс сапарымен жүрген. Ал сарапшылар бүгін шала-жансар ақталып жатқан Цифрлық даму министрлігінің де кінәсі бар дейді.

"Негізі біздің үкіметіміз сондай, жауапкершілікке келген кезде бір-біріне сілтейді. Ақша жұмсар кезінде әрқайсысы өзіне қарай тартады. Төтенше жағдайлар минитрлігінің жауапкершілігі болу үшін бұл жүйені ТЖМ-ның құзыретіне ауыстыру керек. Ал егерде бұл жүйе Цифрлық даму министрлігі өзі бюджетінде қалдырып, өзі пайдаланушы болса, ол үшін жауапкершілікті тарту өте қиын болады", - деді IT бойынша халықаралық сарапшы Арман Әбдірасылов.

Ғарыш сапары 2018 жылдан бері бюджеттен бөлінетін қаражатқа 5 апат түрі бойынша космомониторинг жасап отырады. Былтыр Цифрлық даму министрі осы жұмыстың көмегімен Ақтөбе облысында 17 өрт ошағы өшірілді деп Президент алдында есеп берген. Ал биыл 14 адамның өмірін қиған алапат өрттің анықталмай қалғаны кімнің салғырттығы болды екен, сонда?

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу