МӘМС қорынан қыруар қаржы жымқырылып жатыр – Президент

90

Қызылордада V Ұлттық құрылтайдың отырысы өтті.   

МӘМС қорынан қыруар қаржы жымқырылып жатыр – Президент Фото: astanatv.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің МӘМС жүйесін Қаржы министрлігінің қарамағына беру туралы шешімін құптады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты 

"Алаяқтар ұлттық қауіпсіздік үшін нақты қатерге айналды. Медициналық сақтандыру қорынан қыруар қаржы жымқырылып жатыр. Жедел жәрдем қызметінің мамандары мен фельдшерлер алаяқтардың үндеуімен наразылық акцияларына шығып, әлеуметтік талаптар қойып отыр. Азаматтарымыз алаяқтардың құрбанына айналып, адал жолмен тапқан қаражатынан айырылып, алдау арқылы қылмыстық қаржылық әрекеттерге тартылып жүр", – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі заманда көші-қон саласындағы алаяқтық мәселесі ушыққанын баса айтты. 

"Еуропа мен АҚШ-та не болып жатқанын көріп отырсыздар. Шетелдіктер үшін жұмыс істеу мен тұру жағынан тартымды бола түскен біздің еліміз үшін де бұл мәселе аса өзекті. Құқық қорғау органдары Қазақстан аумағында тұрақты тұрғысы келген шетелдіктерге құжаттарды заңсыз берумен айналысқан алаяқтардың қылмыстық әрекетін әшкереледі. Әлеуметтік болсын, экономикалық саладағы болсын алаяқтық қылмысқа қарсы күресті күшейту қажет. Сонымен қатар заң мен тәртіпті бұзған барлық тұлғаларды – ұсақ бұзақылар, вандалдар мен ұрылардан бастап, ұйымдасқан қылмыс өкілдерін және қоғамды тұрақсыздандыруды көздейтін арандатушыларды да жауапкершілікке тарту керек. Бұл – өзекті және бірінші кезектегі міндет", – деп атап өтті Мемлекет басшысы. 

Сондай-ақ, Президент цифрландыру заманында жеке деректерді заңнамалық тұрғыдан қорғауға, халықтың қаржылық және цифрлық сауатын арттыруға да көңіл бөлу керек деп санайды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу