Мамыр айында Астанада өтетін мерекелік шаралар

1220

Мамыр айында Астанада өтетін мерекелік шаралар

Қазақстан халқының бірлігі күніне орайластырылған басты шара 1 мамырда "Қазақ елі" монументі алаңында өтеді. Ашық алаңда театрландырылған қойылым көрсетіледі, оған ұлттық мәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдарының, Астана қаласының мемлекеттік филармониясы әртістерінің, хореографиялық топтардың және Қазақстан эстрада жұлдыздары қатысады, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, қала әкімдігі алаңында халықтық серуен мен танымал әртістердің қатысуымен концерт ұйымдастырылады.

1 мамыр күні сағат 17:00-де "Астана" концерт залында "Астана" эстрадалық симфониялық оркестрінің бас дирижері, еңбек сіңірген өнер қайраткері Александр Абылаевтың 70 жылдығына арналған "Мерейтойға тарту" концерті өтеді.

6 мамырда елорда тұрғындары мен қонақтары "Астана" концерт залында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ерлан Көкеевтің жеке концертін тамашалайды. Концерттік бағдарлама әйгілі "К-7" тобының танымал композициясының құрметіне "Танец под дождем" деп аталады. Көрермендер назарына ерекше сценографияға негізделген қойылым ұсынылады. Шара барысында Ерлан Көкеевтің халық сүйіп тыңдайтын ескі әндерінен басқа жаңа хиттер де орындалады. Концерт қонақтары – "Дос-Мұқасан" ВАА, Жанна Орынбасарова және "АБК" тобы.

7 мамырда елордада Қазақстан Республикасы қарулы күштерінің 25 жылдығына арналған әскери парад өтеді.

Қазіргі кезде Жеңіс күніне дайындық жүріп жатыр. Мерекелік шаралар легі Ұлы Отан соғысында қаза болғандарға тағзым ету рәсімінен басталады. 8 мамырда Орталық қалалық зиратта Ұлы Отан соғысы жылдарында алған жарақаттан көз жұмған жауынгерлердің зиратына "Даңқ гүл тізбегі" мен гүл шоғы қойылады.

Бұған қоса, осы күні "Астана" концерт залында Маржан Арапбаева, Қайрат Баекенов, Ринат Малсагов, Рүстем Нұржігітов және т.б. қатысуымен 9 мамыр – Жеңіс күніне арналған концерт өтеді.

Жеңіс күні "Отан қорғаушылар" монументіне "Даңқ гүл тізбегін" қою салтанаты және Ұлы Отан соғысына қатысушылардың ұрпақтарының "Астана Жаужүрек полкі – әлем маршы" шеруі ұйымдастырылады. Шараға қатысушылар сағат 12:30-да "Қазақ елі" монументінің алдында жиналады, шеру "Отан Қорғаушылар" монументінің жанында аяқталады. Сондай-ақ "Студенттік" саябақта әскери қалашық орналасады, онда 11 әскери палатка қойылады, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне арналған мерекелік дастарқан жайылады. 9 мамырда қалалық алаңда және "Студенттік" саябақта әскери жылдардағы әндер орындалатын мерекелік концерт ұйымдастырылады.

Қазақстан халқының бірлігі күні, Отан қорғаушы күні және Жеңіс күнін мерекелеу аясында елорданың барлық мәдени мекемесінде мерекелік шаралар, кітапханаларда, музейлерде, театрларда тақырыптық көрмелер, концерттер мен спектакльдер өтеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу