Мандатты кімдер иеленді?

Облыстық мәслихат құрамы жасақталды.  

Мандатты кімдер иеленді? Фото: google.com

19 наурызда өткен барлық деңгейдегі мәслихат сайлауларының қорытындысы белгілі болды. Павлодар облыстық аумақтық сайлау комиссиясы нәтижені жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Жалпы, Павлодар облысында 512 мыңнан астам тұрғынның дауыс беру құқығы бар. Десе де, сайлау күні учаскелерге 300 366 адам келді. Бұл –дауыс берушілердің 58,68%-ы. Аталған көрсеткіш бойынша өңір республика көлемінде алдыңғы қатардан көрінді. 

Енді сайлау қорытындысына ойыссақ. Өңірдегі бірмандаттық 16 сайлау округі бойынша мәслихаттағы 32 орынның тең жартысына 49 үміткер таласты. Жаңа жүйеге сәйкес, облыстық мәслихаттар пропорционалдық-мажоритарлық тәсілмен құрылатыны белгілі. Яғни, 50 пайызы партиялық тізім бойынша, қалған 50 пайызы бірмандаттық округтерден таңдалады. 

Бірден айта кетейік, бірмандаттық сайлау округі бойынша қолына бюллетень алған 400 сайлаушы "Бәріне қарсымын" деген бағанға белгі қойған. Яғни, олар кандидаттардың ешқайсысын жақтаған жоқ. 

Ал қалған 299 966 дауыс беруші өз таңдауын жасады. Соның нәтижесі бойынша өз округінен ең көп дауыс жинаған 16 үміткер мандатқа ие болды. Олардың басым бөлігі – кәсіпкерлер. Олардың қатарында мейрамхана, тұрғын үй мен жол құрылысы компанияларының, шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерліктердің иелері бар. Колледж, аурахана мен емдеу мекемесі бөлімшесінің басшысы да облыстық мәслихат депутаттарының тізіміне ілікті. 

Бірден айта кетейік, сайлау өтпей жатып-ақ, сайлау күні де учаскелерге келген дауыс берушілердің басым бөлігі қалалық, облыстық мәслихаттарға ұсынылған жекелеген кандидаттарды мүлде танымайтынын айтып жатты. Көпшіліктің пайымынша, үгіт-насихат жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілген жоқ. Кейбір кандидаттардың сайлауалды бағдарламасы түгілі есім-сойларының өзі бейтаныс. 

"Шыны керек, кандидаттардың тұрғын үйлердің аулаларына көпшілікті жинап, сол аумақтың жұртшылығымен мәселені талқылағанын байқаған жоқпын. Сайлау учаскелерінде де туған жері, білімі туралы ғана ақпарат болды. Жұмыс орны, бағдарламасының басым бағыттары көрсетілмеген. Сондықтан "Бәріне қарсымын" бағанын белгілеуіме тура келді", - Асқар есімді павлодарлық. 

Ал облыстық мәслихатқа тізім ұсынған партияларды таңдау аса қиындық тудыра қойған жоқ. Сайлаушылардың дені алты партия штабының жұмысынан хабардар болды. Дегенмен, бұл бюллетеньді алған азаматтардың 5 799-ы "Бәріне қарсы" екенін білдірді. 

Ал дауыс берген тұрғындардың таңдауы былай бөлінді: "AMANAT" партиясы 167 590 дауыс (56,66%), "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы 35 924 дауыс (12,14%), "Respublica" партиясы 35 247 дауыс (11,92%), Қазақстан Халық партиясы 15 320 дауыс (5,18%), "Байтақ" жасылдар партиясы 3 550 дауыс (1,20%) және "Ақ Жол" Қазақстанның Демократиялық партиясы 32 366 дауыс (10,94 %). 

Сөйтіп, облыстық мәслихаттағы 16 орынды бес партияның өкілдері өзара бөлісті. Сайлаушылар дауысының бес және одан көп пайызын алған саяси партияларға депутаттық мандаттар үлестірілді. Атап айтқанда, облыстық мәслихатта "AMANAT" партиясының 9, "Ауыл", "Respublica" және "Ақ жол" партияларының әрқайсысының екі және Қазақстан Халық партиясының бір өкілі болады. 

Жаңадан жасақталған мәслихаттардың алғашқы сессиясы 30 наурызға жоспарланып отыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу