Маңғыстау облысында биыл туризмге баса көңіл бөлінеді

691

Сол арқылы, кәсіпкерлікті де дамыту көзделіп отыр.

Маңғыстау облысында биыл туризмге баса көңіл бөлінеді

Биыл Маңғыстау облысында туризмді дамыту – басты бағыттардың бірі. Сарапшылардың болжамы бойынша, 2021 жылы өңірге 180 мыңға дейін турист келмек. Бұл жөнінде облыс әкімі Серікбай Трұмов облыс экономикасының негізгі бағыттарын дамытуға арналған жиын кезінде мәлімдеді, деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Сондай-ақ, Маңғыстау облысында 2021-2024 жылдары туризм саласы бойынша 12 жобаны жүзеге асыру көзделген, оның аясында 2590 жаңа жұмыс орны ашылады деп көзделуде. Биыл бұл жобалардың алтауы басталмақ. 

Аймақ басшысы өңірде әуе, автомобиль, теміржол және теңіз жолы барын нақтылай келіп, соның ішінде, теңіз арқылы жүк тасымалдауды дамыту керектігіне тоқталды. Белгілі болғандай, Құрық порты былтыр  еурофураларды 2019 жылмен салыстырғанда 51 пайызға артық көлемде тиеп-түсіріп, рекордтық көрсеткішке ие болған. 2021 жылы 1 755 мың тонна жүкті өңдеу жоспарланған. 

Осындай оң көрсеткішке тоқталған Серікбай Трұмов "Саладағы жауапты азаматтарға, порт басшыларына Каспий теңізі арқылы шектесетін өзге елдің порттары арасында жолаушылар тасымалын жандандыруды қарастыруды тапсырдым. "Құрық-Түрікменбашы" немесе "Құрық – Махачкала" бағыты бойынша жаңа паромдық қатынас жолдарын ашуға болады", – деді. 

Бұдан бөлек, облыс әкімі кәсіпкерлікті дамыту үшін жергілікті өнім өндірушілер сауда-саттық жасайтын павильондар санын көбейту, ол үшін жер учаскелерін беру; қазіргі күні 32,5 га жерді алып жатқан 83 жылыжайдың санын көбейтіп, ол үшін тағы 7 га жер бөлу жөнінде айтты. 

Аймақ басшысы туризмге күш салу кәсіпкерлікті дамытуға жол ашады деген ойын "Фейсбуктағы" жеке парақшасында да жазды. Ол Бозжырада туристік нысандардың салынуын қолдаған зиялылардың ашық хатына байланысты: "Қазір бізге туризмді дамыту арқылы табысқа қол жеткізу пайдалы болып отыр. Оған табиғи мүмкіндігіміз де, теңізіміз де, көрікті жерлеріміз де бар. Өңірге қыруар инвестицияның келуінің арқасында туризм, соған қоса шағын және орта бизнестің (қолөнер, ұлттық тағам, ауыл шаруашылығы, т.б.) қанат жаюына, инфрақұрылымдардың дамуына, жол құрылысының өркендеуіне, жолаушылар тасымалының заманауи деңгейге көтерілуіне, жастарды тұрақты жұмыспен қамтуға қол жеткіземіз. Қазіргі таңда бір "Риксостің" өзінде 700-дей жаңа жұмыс оны құрылып, жерлестеріміз қызмет етуде, тиісті салық өңір қазынасына тұрақты түсіп отыр. Енді, шын мәнінде, ішкі туризмнің әлеуеті күшеюі нақты көрініс табуда. Біз бұдан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Инвестор ақша саламыз деп, өзі келіп тұрса, неге одан бас тартамыз?! Мұндай мүмкіндік күнде бола бермейді. Сондықтан, Бозжырадағы жобаны іске асыруымыз керек! Ол ел болашағы үшін керек!", - деп жазды. 

Мұнай қорының бір күні таусылатынын, сондықтан, оған аса сеніп кетпеу керектігін айтқан Серікбай Трұмов Бозжыра жобасын талқылау барысында әдептілік сақтамай, ел азаматтарының жеке басына тиісіп, оларға қатысты ауыр сөздер айтып жатқандарға реніш білдірді.

Айта кетейік, бұған дейін маңғыстауда бір топ зиялы қауым өкілінің ел президентіне Бозжырада туризмді дамытуды қолдап, хат жолдағанын жазған болатынбыз. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу