Маңғыстау облысында газ бағасы 50 теңгеге дейін төмендетіледі – Ералы Тоғжанов

1902

Үкіметтік комиссия Ақтау қаласындағы Ынтымақ алаңына жиналған белсенділермен кездесті.

Маңғыстау облысында газ бағасы 50 теңгеге дейін төмендетіледі – Ералы Тоғжанов

Кездесуде Ақтау қаласының бастамашыл тобымен жүргізілген келіссөз барысында қабылданған шешімдер жарияланды, деп хабарлайды inbusiness.kz Үкімет басшысының сайтына сілтеме жасап.

Атап айтқанда, "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ әлеуметтік жауапкершілігі аясында Маңғыстау облысында сұйытылған газ құнын төмендету және литріне 50 теңге бағасын белгілеу туралы айтылды. Сондай-ақ алаңда болған адамдарды жауапкершілікке тартпауға кепілдік берілді. Сонымен қатар тараптар туындаған барлық мәселені сындарлы диалог аясында және қолданыстағы заңнама шеңберінде шешуге келісті.

Айта кетейік, наразылық акциясы 2 желтоқсан күні Жаңаөзеннен басталған еді. Жаңаөзен тұрғындары газ бағасының қымбаттауына қарсы наразылыққа шықты. Олар бағаны 110 теңгеден "50 теңгеге дейін түсіруді" талап етіп, орталық алаңда екі тәуліктен бері акция өткізіп жатыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сол күні түн ауғанда твиттер желісінде "Үкіметке Жаңаөзендегі жағдайды экономикалық тұрғыдан ескеріп, құқықтық жағынан тез арада қарастыруды тапсырғанын" мәлімдеді. 

Үкімет ертеңінде баға 85-90 теңгеге түсетінін хабарлады. Бағаны бизнес өкілдері "әлеуметтік жауапкершілік" ретінде төмендеткенін түсіндірді. 

3 желтоқсан сағат 17:30-да Энергетика министрі журналистерге брифинг беріп, бағаны одан төмен түсіру мүмкін емес екенін айтты. 

Бүгін, 4 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Құрамында Президент Әкімшілігінің қызметкерлері бар үкіметтік комиссия Ақтауда жұмысқа кіріскенін" твиттер желісінде жазды.

"Республикалық оперативтік штаб тұрақты негізде жұмыс істеп жатыр. Комиссияға еліміздегі тұрақтылықты сақтай отырып, туындаған мәселе бойынша өзара тиімді шешім шығару жүктелді", - деген Президент "Демонстранттар жауапкершілік танытып, диалогқа дайын болуға тиіс" екенін айтады.

Маңғыстау облысына Үкімет басшысының орынбасары, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің басшысы, Энергетика министрі бастаған комиссия барып, сол жерде жұмыс істеп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу