Маңғыстау облысында көршілес облыстардан мал азығы әкелінбек

1828

Қазір 30 мың тонна шөпке қажет. 

Маңғыстау облысында көршілес облыстардан мал азығы әкелінбек

Маңғыстау облысында жазға салым мал азығының тапшылығы тағы байқалды. Сол себепті, Қостанай, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары әкімдіктерімен өңірге жем-шөп жеткізу жөнінде келісімшарттар жасалып жатыр, – деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Белгілі болғандай, облыста төрт түлік малға 76 500 тонна шөп пен 37 500 тонна жем қажет. Өзге жақтардан кем дегенде 30 000 тонна шөп әкелу керек. Оның ішінде, Қостанай облысынан 3600 тонна шөптің әр орамында 250-350 келі болады, бағасы 3500-6000 теңге аралығында қойылады деп болжанып отыр. Ақтөбе облысынан жобамен 2200 тонна шөп келмек, оның ішінде шөптің әр келісі 53 теңгеден орамы 16 000 теңгеге бағаланған, жалпы құны 117,12 млн теңге болмақ.

Сонымен қатар маусымдық мал жайылымдарын Ақтөбе облысына көшіруге ниет білдірген жергілікті шаруа қожалықтарына мүмкіндік жасалмақ. "Аталған аймақтар арасынан ауданымызға ең жақыны Ақтөбе облысы болғандықтан, ақтөбелік шөп шабу бригадаларын Маңғыстау облысына шөп орамдарын тасымалдауға тарту шаралары да қарастырылып жатыр. Бұл екі аймақ арасындағы меморандум негізінде іске асырылады", деді Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұл.

Ал Мұнайлы ауданында жеке кәсіпкерлердің көмегімен қазірдің өзінде Ақтөбе, Қостанай облыстарынан жем (кебек), шөп (сары шөп, жусан) келіп, тұрғындарға тиімді бағада, яғни 1600-1700 теңгеден сатылуда. Шаруалар мал азығын "Қызылтөбе", "Қызылтөбе-2", "Басқұдық", "Шерқала", "Айрақты" тұрғын үй аумақтары мен "Ынтымақ" мал базарынан сатып ала алады. 

Айта кетейік, қыстыгүні Маңғыстау облысында бірнеше жылқы малы шығын болып, мал азығы жетпегендіктен көршілес облыстардан сатып ала бастағанын жазған болатынбыз. Биыл жауын-шашынның аз болуы салдарынан құрғақшылық орнап тұрғандықтан жаз шыға мал азығының жетіспеушілігі тағы байқалды. 

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу