Маңғыстау облысында құжатсыз көлік басқарған 200-ден астам жүргізуші анықталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер арасында көліктік тәртіпті жақсарту, сондай-ақ жол жүру ережесін бұзудың алдын алу бойынша профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында 19 шілде мен 18 тамыз аралығында Маңғыстау облысында "Қауіпсіз жол" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. ЖПІШ барысында жолдарда, әсіресе түнгі мезгілдерде патрульдік полиция қызметтері қарқынды жұмыстар атқаруда.
Іс-шара басталғалы бері тәртіп сақшылары барлығы 5 247 әкімшілік құқық бұзушылық анықтады.
Кез келген көлікті алкогольдік немесе есірткілік масаң күйде жүргізу жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу болып саналады. Мас күйде көлік басқарғандардың кесірінен қаншама жол-көлік оқиғалары орын алады. Бұл құқық бұзушылық үшін әкімшілік қамауға алу және 7 жылға дейін көлік құралын басқару құқығынан айыру қарастырылған.
Атап айтқанда, ЖПІШ басталғалы ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабын бұзған, яғни көлікті мас күйінде басқарған 43 жүргізуші ұсталды. Құжатсыз көлік құралын басқарғаны үшін 238 жүргізуші анықталып, оларға хаттамалар жасақталды.Тексеру барысында автокөлік жүргізушілерінің қауіпсіздік белдігін қолданбауының 1 326 фактісі тіркелді. Құқық бұзушыларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Көлік құралын басқару кезінде ұялы телефонмен сөйлесу – ең жиі орын алатын құқық бұзушылық. ҚР ӘҚБтК-нің 591-бабын бұзғаны үшін 622 жүргізуші жауапқа тартылды.
Әрбір жүргізуші шартты рефлекстің түрін дамытуы керек: сары немесе қызыл бағдаршамды көргенде көлік жүргізуші еш ойланбастан тежегішті басу керек. Тыйым салынған бағдаршамнан өткен 114 жүргізушіге айыппұл салынды.
Талдау көрсеткендей, жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері – жылдамдықты арттыру, маневр жасау және басып озу ережелерін бұзу, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жолға назарын аудармау. Өткен аптада облыста адам шығынымен 2 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Екеуі де жүргізушінің қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткендігінен орын алды. Шара басталғалы бері қарсы жолаққа шығып кеткен 7 жүргізушіге айыппұл салынды. Олар ҚР ӘҚБтК-нің 596-бабының 3-тармағы бойынша жауапкершілікке тартылды.