Маңғыстау облысында төрт түлік баққан шаруалардың жағдайы түзеле бастады

685

Биыл Маңғыстауда жауын-шашын мол болып, жер көктеп, мал өріске жіберілді. Былтыр қуаңшылықта малы қырылып қалған шаруалар қалған төрт түлігі күйлі.  

Маңғыстау облысында төрт түлік баққан шаруалардың жағдайы түзеле бастады

"Былтыр тамыры тереңде болатын ардаспан деген шөптің өзі шықпай қалды да биыл енді шөптің түрі шығып жатыр. Малы бардың – елі бай, жері байдың – елі бай деген жерге шөп шықса, малға қоң бітсе, адамдар көңілді болады екен. Мал да жайлы жақсы болады екен. Былтыр қуаңшылықта Үкіметтен алған көмек бар, өз қаражатымыз бар қалған малды аман алып шықтық", – дейді шаруа қожалығының иесі Аяпберген Қуатбаев.

Аймақта шаруаларды қолдау биыл да жалғасады. Олардың жем-шөпке шығарған шығындары қайтарылады. Яғни мемлекет тарапынан субсидия беріледі. Көмек алу жолдары жеңілдеген. Осы мақсатта 400 млн теңге қарастырылған.

Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қазбек Тәшімовтің айтуынша, шектеулер мүлде алынды. Ірі-ұсақты шаруа қожалықтары барлық құжаттары дұрыс болған жағдайда, төрт түлік арнайы дерек қорға тіркеліп, субсидия алуға толық мүмкіндігі бар. Әр ірі мал басына 20 мың тг, ұсақ малға 5 мыңнан алуға толық мүмкіндік бар.

Аймақта асыл тұқымды мал мен құс өсіретін шаруашылықтарға да субсидия беріледі. Сондай-ақ құдық қаздыруға жұмсалған шығынның 80 пайызы өтеледі.

Айта кетейік, облысқа басқа өңірлерден жем-шөп тасымалдау биыл да жалғасады. Операторлар айналым қаражаты есебінен, мал азығын тұрақты түрде жеткізуі тиіс. Қазір шаруаларға Батыс Қазақстан облысынан шөп шауып әкелуге мүмкіндік жасалған.

Тасым Жаңай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу