Маңғыстау облысында жұмыста қаза тапқан күзетшінің ісі қайта қаралатын болды

260

Сот тергеу формалды жүргізілгенін анықтады.  

Маңғыстау облысында жұмыста қаза тапқан күзетшінің ісі қайта қаралатын болды Фото: sotreport.kz

Маңғыстау облысының соты түнгі ауысым кезінде шабуылдан кейін қайтыс болған күзетшінің өліміне қатысты тергеу актісін заңсыз деп таныды. Комиссия оның өлімі еңбек қызметімен байланысты емес деген қорытындыға келді, деп жазады inbusiness.kz сайты Маңғыстау облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында қаралған.

Сот тергеудің формалды жүргізілгенін және оқиғаның барлық мән-жайы анықталмағанын анықтады.

Сот анықтағандай, шабуыл П.-ның жұмыс ауысымы кезінде және жұмыс беруші жіберген жұмыс орнында болған. Сонымен қатар комиссия АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы аумағындағы бейнежазбаларды сұратпаған, қылмыстық іс материалдарын зерттемеген және күзет агенттігінің лауазымды тұлғаларынан жауап алмаған.

Бұдан бөлек, еңбек заңнамасында көзделгеніне қарамастан, комиссия құрамына АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы мен күзет агенттігінің өкілдері енгізілмеген.

Сот еңбек инспекциясы тергеуді формалды жүргізіп, күзетшінің қазасына қатысты барлық мән-жай мен себептерді анықтамаған деген қорытындыға келді. Нәтижесінде сот қаза тапқан адамның туысының талабын толық қанағаттандырды.

Арнайы тергеу актісі заңсыз деп танылып, еңбек инспекциясына заң талаптарын ескере отырып, тергеуді қайта жүргізу міндеттелді.

Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу