Маңғыстауда балық шаруашылығына 20 млн теңге бөлінді

546

Биыл Маңғыстауда балық кәсіпшілігіне мемлекеттен берілген субсидия көлемі 20 млн теңгеден асты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Маңғыстауда балық шаруашылығына 20 млн теңге бөлінді Фото: turkystan.kz

Оның ішінде балық азықтарын сатып алу шығындарын өтеуге 17 миллион 750 мың теңге, дәрілік препараттарды сатып алуға 40 мың теңге, балық өсіру материалына 1 миллион 200 мың теңге, балық басын толықтыратын аналық балықтар алуға және күтіп ұстауға 510 мың теңге және балық өсіру биологиялық негіздемесін жасату шығындарын өтеуге 1 миллион теңге бөлінген. 

Маңғыстау өңірінде балық шаруашылығын қолдау бағытында 2022 жылдан бастап 2023 жылдың шілдесіне дейін кәсіпкерлік балық аулауға 8974 тонна квота берілген. Бүгінде оның 4915 тоннасы игерілген.

“Биыл балық шаруашылығын дамыту үшін субсидиядан бөлек мемлекет бірқатар қолдау шараларымен қамтамасыз етуде. Қазіргі таңда балық өсіру шаруашылықтарын су қорғау белдеуіне орналастыру үшін шектеулер алынып тасталды. Сонымен қатар 2022 жылы өңірімізде 793 балықшы тіркелсе, биыл олардың саны 1000-ға жуықтады. Бұл көрсеткіштің барлығы балық шаруашылығының дамып келе жатқанын көрсетеді”, – дейді Маңғыстау облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Арман Молдашев. 

Субсидия алу талаптары мынадай: “kezekte.kz” веб-порталына жеке немесе заңды тұлға ретінде тіркеледі. Тіркелу аяқталғаннан кейін жеке кабинетке кіріп, сервистер бөлімінен “Balygshy”, одан кейін “акваөсіру” бөлігіндегі қажетті шығындарды өтеу бойынша субсидиялау батырмасын басса жеткілікті. Сұрақтар туындаған жағдайда Маңғыстау облысының балық шаруашылығы басқармасының қызметкерлеріне жүгінуге болады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу