Маңғыстауда балық шаруашылығына қолдау күшейтілмек

671

Нақтырақ айтқанда балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге жер телімдері беріліп, балық өнімдерін шетелге экспорттауға оңтайлы жағдай жасалмақ.    

Маңғыстауда балық шаруашылығына қолдау күшейтілмек

Мәселен, "Industrial Fish Plant" кәсіпорыны жергілікті атқарушы органға арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізуге жер телімін сұраған. Нәтижесінде мекемеге жалпы көлемі 1200 гектар болатын "Тоқмақ", "Жыланды", "Ракушечный мыс" жерінен үш жер телімі берілді.

Ал "CaspyAltynBalyk" ЖШС бекіре тұқымдас балық түрлерін өсіру мақсатында Форт-Шевченко қаласында 0,15 гектар жер телімін алған. Қазір аталған аймақта, құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Болашақта кәсіпорын жер көлемін ұлғайтуды көздеп отыр. Сондай-ақ, "Каспий Алтын балық" ЖШС-не балықты өңдеу және қабылдау мақсатында Түпқараған ауданында 0,10 гектар жер учаскесі берілген.

"Caspian Kuryk Balik" ЖШС-не балық және шаян тәрізділерді өсіру үшін Қарақия ауданынан 0,10 га жер учаскесі берілді. 

Ақтау қаласында жұмыс істейтін "Natali company" ЖШС 2022 жылы 22 тонна балық өнімін өндірген. Оның 7 тоннасын Батыс Қазақстан облысына экспорттаған. Компания алдағы уақытта мұнымен тоқтап қалмай, өндіріс көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Өңірде жеке кәсіпкерлерде балық шаруашылығын дамытуға ден қоюда. Оның бір мысалы, Құрық ауылының тұрғыны - Қуаныш Сейітов. Ол балық шаруашылығын дамытумен айналысып жүр. Қазіргі таңда балық шаруашылығын жүргізу үшін кәсіпкерге Қарақия ауданынан 10 га жер учаскесі берілген.

Балық шаруашылығының дамуы еліміздің экономикасына да оң әсерін тигізуде. Мәселен, "Ақтау балық компаниясы" ЖШС жергілікті және халықаралық нарыққа өнімдерін шығарып жүр. Компания табиғи таза өнімдерін нарықтық бағадан 20% төмен бағада сату үшін, Ақтау қаласында дүкендерін ашуды жоспарлайды. Қазіргі таңда дүкендердің құжаты жасақталып жатыр.

Сондай-ақ, 2022 жылы "Kazakh osseter" ЖШС ғылыми-өндірістік кәсіпорны 10 000 келі балық өнімін Ресей және Әзірбайжан елдеріне экспортқа шығарған.

Айта кетейік, қазір Маңғыстау облысында балық шаруашылығын дамыту жоспары жүзеге асуда. Оның аясында өңірдегі балық өнеркәсібі 2030 жылға дейін бірнеше есе ұлғайып, өсірілетін балық көлемі 100 000 тоннаға жеткізіледі.

2022 жылы өңірде 37 тонна балық өсіру жоспарланған болса, соңғы деректер бойынша, "Kazakh osseter" ЖШС, "Каспиан Ривьера" ЖШС және "NATALI COMPANY" ЖШС жыл басынан бері 38,5 тонна бекіре мен тауарлық балық өсірген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу