Маңғыстауда бүтін бір ауыл аммиактың иісіне тұншығып отыр

696

Ауыл іргесіндегі қалдық су арнасы Ақтаудан шыққан тазартылған кәріз суларын Қошқар ата көліне төгу үшін салынған. Бірақ мұнда зауыттар химиялық қалдықтарын құюды тоқтататын емес.

Маңғыстауда бүтін бір ауыл аммиактың иісіне тұншығып отыр

Маңғыстау облысының Басқұдық ауылы тұрғындары 10 жыл бойы аммиактың иісіне уланып келеді.

Қолқаны жаратын жағымсыз иіс түнде және таң алдында ерекше сезіледі екен. Есік-терезесін ашуға қорқатын тұрғындар мұндай күйге шыдамаймыз деп отыр. Оның салдары демікпе, аллергия, экзема сияқты түрлі ауруларға шалдығуға әкеліп соқтыруда.   

Су арнасына кәріз суыннан бөлек, пластикалық құбыр арқылы зиянды заттар төгілетінін байқаған тұрғындар экологтарға жүгінеді. Нәтижесінде, судан және ауадан аммиак анықталған.

"Пластик құбырлар "Казазот" зауытына тиесілі болып шықты. Оны ақпарат құралдары жарыса жазды да. Бірақ нәтиже жоқ. Құбырдан күніне екі рет қалдықтар төгіледі. Осы иістен денсаулығымыз сыр берді", – дейді наразы тұрғындар.  

Қалдық сулар арнасының иесі бұл жер "Каспий-жылу, су арнасы" және "КазАзот" мекемелеріне жалға берілгенін айтты.  

Тұрғындардың шағымымен аумақтан түнгі мезгілде бірнеше рет сынама алған экологтар да күкірт, аммиак, нитрит сынды адам денсаулығына зиянды заттар анықталғанын растады.  

Енді экологтар екі кәсіпорынға жоспардан тыс тексеру жүргізетін болады. Өйткені "КазАзот" зауытының арна арқылы су төгуге мүлдем рұқсаты жоқ. Аталмыш зауыт осыдан 2 жыл бұрын арнаға заңсыз су жібергені үшін әкімшілік жазаға тартылған еді. Құбыры қиылып, 2 млн теңге айыппұл арқалаған. Қоршаған ортаға келтірген залалы үшін мемлекетке 14 млн теңгеге жуық шығынды өтеді. Бірақ өткеннен сабақ алмаған кәсіпорынды тағы да біраз шара күтіп тұр.  

Тасым Жаңай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу