Маңғыстауда егіс алқаптары кеңейіп, өнім көлемі артып келеді

252

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 3 мың тоннаға жетпек.  

Маңғыстауда егіс алқаптары кеңейіп, өнім көлемі артып келеді Фото: gov.kz

Маңғыстау облысының Қарақия ауданында егін шаруашылығы дамып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі артып келеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Биыл Қызылқұм алқабында 94 гектар жерге түрлі көкөніс пен бақша дақылдары егілді.

Өңір әкімі Нұрдәулет Қилыбай жұмыс сапары барысында аудан шаруашылықтарының егіс алқаптарын аралап, дала жұмыстарының барысымен танысты.

Қызылқұмда қияр, қызанақ, бұрыш, қырыққабат, баялды, қауын, қарбыз және асқабақ өсіріледі. Сонымен қатар ауданда жалпы аумағы 3,57 гектар болатын 11 фермерлік жылыжай жұмыс істейді. Негізінен қияр өсірілетін жылыжайларда өнім өндіру тұрақты жолға қойылған.

Шаруашылықтардың өндіріс көлемін арттыру үшін 51 фермерлік қожалықты газбен қамтамасыз ететін ұзындығы 26 шақырым газ құбыры тартылды.

Биыл "Еңбек" және "Рысбек" шаруа қожалықтары 19 және 14,7 гектар алқапқа егін еккен. Ауданда жеміс шаруашылығы да дамып келеді. Қазір алма бақтарының жалпы аумағы 6,5 гектарды құрайды.

Қырыққабат өсіруге де басымдық берілген. Екі шаруашылық 2,2 гектар жерге қырыққабат егіп, жергілікті нарыққа 150 тонна өнім жеткізді. Қырыққабаттың көтерме бағасы 1 келі үшін 160-170 теңге шамасында. Биыл ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемін 3 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.

– Маңғыстау ауыл шаруашылығы өнімдерін тұтынумен ғана шектелмей, өз өндірісін де арттыруы қажет. Бұл – азық-түлік қауіпсіздігі мен өңір экономикасын дамытудың маңызды мәселесі. Фермерлердің нәтижесі көрсетіп отырғандай, біздің климаттық жағдайымызға қарамастан, жерді тиімді пайдалану, заманауи технологияларды енгізу және мемлекеттік қолдау арқылы өндіріс көлемін едәуір арттыруға болады. Біздің міндетіміз – осындай шаруашылықтардың одан әрі кеңеюіне жағдай жасап, нарықтағы жергілікті өнімнің үлесін арттыру, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Облыс әкімі ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдаланып, өндіріс көлемін одан әрі арттыру қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, заманауи технологиялар мен мемлекеттік қолдаудың арқасында өңірдің күрделі климаттық жағдайына қарамастан егін шаруашылығын дамытуға мүмкіндік бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу