Каспийде суған кеткен 27 жастағы ер адамды іздестіру жалғасып жатыр

523

Қайғылы жағдай 21 маусым күні болған.   

Каспийде суған кеткен 27 жастағы ер адамды іздестіру жалғасып жатыр Фото: Қалмахан Қыдырбаевтың жеке мұрағаты

Ер адам Ақтау қаласынан 56 шақырым қашықта жабдықталмаған жағалау аумағында шомылған, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Маңғыстауда Мұнайлы ауданында Каспий теңізіне батып кеткен 27 жастағы ер адамды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, ауа райының қолайсыздығына қарамастан құтқару операциясы тоқтаған жоқ.

Іздеу жұмыстарына төтенше жағдайлар департаментінің 11 қызметкері, төрт арнайы техника, екі жүзу құралы, сүңгуірлер және суасты дроны жұмылдырылған.

Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Ерлан Солтанмұратовтың айтуынша, екпінді жел іздеу жұмыстарына айтарлықтай қиындық туғызған.

– Құтқарушылар таңертеңнен бастап теңіздің тынышталуын күтті. Бүгін іздеу жұмыстары қайта жалғасты. Қазіргі уақытта ер адамның денесі әлі табылған жоқ, – дейді Ерлан Солтанмұратов.

Департаменттің мәліметінше, шомылу маусымы басталғалы бері Маңғыстау облысында 4 адам суға кетіп, қаза болған. Үш адамның денесі табылса, төртінші адамды іздеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр.

Сонымен қатар, құтқарушылар маусым басталғалы судан тоғыз адамды құтқарған. Олардың басым бөлігі – балалар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу