Маңғыстауда "Қошқар Ата" қоймасы тазартыла бастады

1680

Бұл жерге 105 млн тонна радиоактивті қалдық көмілген. 

Маңғыстауда "Қошқар Ата" қоймасы тазартыла бастады

Маңғыстау облысында "Қошқар Ата" улы қалдықтар қоймасын залалсыздандырудың бірінші кезеңі басталды. Жоба осы жылдың басында Үкіметтен қолдау тауып, рекультивация жұмыстарына республикалық бюджеттен 3 жылға 15,5 млрд теңге қарастырылған, - деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Жұмыс толықтай үш жыл ішінде бітеді деп күтіліп отыр. Оны мемлекеттік сатып алу байқауынан жеңіл алған "Павлодар өзен порты" АҚ жүзеге асырады. Айта кетейік, бұл мекемемен тендер нәтижесі бойынша былтырғы наурыз айында 15,5 млрд теңгеге келісімшарт жасақталған болатын. Алайда тендердің басқа қатысушыларының сотқа шағымдануына байланысты жұмыс уақытша тоқтатылып, аталған сома республикалық бюджетке кері қайтарылған еді. 

"Қошқар Ата"  улы қалдықтар қоймасы Каспий теңізінен 7-8 шақырым, Ақтау қаласынан 3-4 шақырым қашықтықта орналасқан. Экологиялық аймақта 372 мыңдай адам тұрады, олар маңайды бүлдіріп, мазаларын алған қалдықтан құтылатыны жөнінде ақжолтай жаңалықты қуана қабылдаған. 

Полигонның жалпы ауданы 77 шаршы шақырым, қалдықтардың ауданы 66 шаршы шақырым құрайды. Бұл жерде кезінде Каспий тау-кен металлургия комбинатынан төгілген құрамында фтор, уран, радий, хром, фосфат, нитрит, қорғасын сынды зиянды заттары бар 105 млн тонна радиоактивті қалдық көмілген. 

"Алдымен залалсыздандырылатын жер түгел тегістеліп, беткі қабаты 30 см қалыңдықта үйінді топырағымен жабылады. Осы жылдың соңына дейін 4 мың га жер залалсыздандырылады", - дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Құсбеков. Жұмысқа  50 шақты адам мен отызға жуық техника тартылған. 

Бұған дейін Маңғыстау облысында мұнай кеніштеріндегі ескі полигондардың да тазаланып жатқаны жөнінде жазған болатынбыз.  

Құралай Қуатова

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу