Маңғыстауда Ұлттық киім күні өтіп жатыр

1689

Қызметкерлер жұмысқа ұлттық киімдермен келген.

Маңғыстауда Ұлттық киім күні өтіп жатыр

Маңғыстау облысында қазақтың ұлттық киім күнін атап өтуде. Соған сай ұлттық салт-дәстүрге берік өңірдегі мекеме қызметкерлері жұмысқа ұлттық киімдермен келген, деп жазды inbusiness тілшісі.  

"Ата дәстүрдің қаймағы бұзылмаған Маңғыстау өңірінің жұртшылығы үшін ұлттық киімді киіп жүру таңсық емес. Той-жиындарда әжелер, аналар, қыз-келіншектер қажекей, қамзолын тастамайды. Десек те ата-бабаларымыздан мұра болып жеткен асыл қазыналарымызды дәріптеу мақсатында ұлттық киім күні тойланып жатыр. Азаматқа айбат, қызға көрік беретін ұлттық киімдерді барша халық кисе жарасып-ақ кетер еді. Маңғыстаулықтардың бастамасын челлендж ретінде өзге өңірлерге жолдаймыз", - деп жазды әлеуметтік желілерде облыс әкімдігі баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлмира Әбішева. 

Бұдан бөлек, көктемнің алғашқы айында тойланатын басқа да ресми және бейресми мерекелер бар. Атап айтқанда, 14 наурыз күні елдің батыс өңірінде Көрісу күні саналып, Амал мерекесі тойланады. Бұл күні Маңғыстаудағы ең биік жер Отпантау басында ауқымды шаралар ұйымдастырылатын. Алайда, облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері биыл бұл мейрамдардың аталып өтпейтінін жеткізді. 

"ҚР үкіметі жанындағы арнайы ведомоствоаралық комиссия ресми рұқсат берген жоқ. Кісі көп жиналған үлкен той-думандардың өтпеуін мониторингтік топтар қадағалайды", - деді Ғазиз Надуев.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу