Маңғыстауда жастарға кәсіп ашуға 815 млн теңге жеңілдетілген несие беріледі

419

Ақтау қаласында "Қазақстанның үздік тауары" республикалық көрме-байқауының өңірлік кезеңі өтті. 

Маңғыстауда жастарға кәсіп ашуға 815 млн теңге жеңілдетілген несие беріледі Фото: Серік Маймеров

Отандық өнімнің сапасын арттыру және Қазақстан нарығын бәсекеге қабілетті тауармен толықтыруға бағытталған жыл сайын ұйымдастырылатын шараға облыстағы 60 кәсіпорын, Астархань облысы Думасының төрағасы Игорь Мартынов бастаған делегация, Маңғыстау облыстық кәсіпкерлер палатасы өкілдері мен еліміздің Ұлытау, Абай, Қостанай, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан облысы мен Алматы қалаларының бір топ кәсіпкерлері, бизнес қолдаушылары қатысты. Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев әр кәсіпкер ұсынған тауарлар көрмесін аралап, қолдауын білдірді. 

Байқау "Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар", "Халыққа арналған үздік тауарлар" және "Үздік азық-түлік тауарлары" үш номинациясы бойынша жүргізілді. Әр номинация бойынша үш-үштен, тоғыз жеңімпаз айқындалды. Жеңімпаздар арнайы жүлдемен марапатталды. 

"Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар" аталымы бойынша "КазАзот" АҚ, "Каскор- машзавод" ЖШС және "ОСС Қазақстан" ЖШС жеңімпаз атанды. 

Ал, "Халыққа арналған үздік тауарлар" номинациясында жеке кәсіпкерлер Әсел Жекенова, Илес Жұмаханұлы, Алдаберген Тіленбаев жеңіске лайық деп танылды. Сонымен қатар, "Үздік азық-түлік тауарлары" аталымы бойынша "Жаңаөзен сүт зауыты" ЖШС, "Korkem Alem" ЖШС, "MAGA-BREAD" ЖШС үздік шықты.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық кәсіпкерлерді қолдау және қорғау ел дамуы үшін маңызды міндет екенін, қазақстандық өнімді дамыту еліміздің экономикалық саясаттағы басым бағыттарының бірі екенін айтқан болатын. Шағын бизнесті дамыту және нығайту мемлекеттің басты тапсырмаларының бірі. Қазір республикалық және жергілікті көлемде кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетілуде. Мәселен, өңірде тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны өткен жылмен салыстырғанда 28% өсіп, 87 мыңға жеткен. Ашылған кәсіпкерліктердегі жұмыспен қамтылғандардың саны 23% өсіп, 155 мың адамға жетіп отыр. Бүгінгі салтанатты шарада жеңімпаз атанған барлық кәсіпкерлерді құттықтаймын. Оларға республикалық байқауда сәттілік тілеймін", - дейді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев. 

Өңірлік байқаудың 9 жеңімпазы "Қазақстанның үздік тауары" республикалық көрме-байқауына жолдама алды. Республикалық көрме-байқаудың қорытындысы бойынша "Атамекен" ҰКП-ның сараптамалық тобы 27 финалисті анықтайды. Одан әрі жеңімпаздар онлайн дауыс берумен іріктеледі. Республикалық шара соңында дипломанттар төрт жыл бойы "Қазақстанның үздік тауары" байқауының эмблемасын жарнамалық мақсатта пайдалану құқығына ие болады. "Алтын сапа" және "Қазақстанның үздік тауары" байқауларының жеңімпаздарын марапаттау жыл соңында Астана қаласында ҚР Президентінің қатысуымен салтанатты рәсімде өтеді. 

Айта кетейік, өңірде кәсіпкерлікті дамыту бойынша "2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба" бағдарламасы аясында жалпы құны 35 млрд теңге болатын 912 жоба мақұлданып, 247 жұмыс орны сақталған және 424 қосымша жұмыс орны құрылған. 2023 жылдан бастап жұмыспен қамту аясында жас кәсіпкерлерге 2,5% несие беру басталған. Осы бағытқа республикалық бюджеттен 815 млн теңге қаражат бөлініп, 163 жас кәсіпкерге төмендетілген пайызбен несие беру жоспарланған. 

Сонымен қатар, ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатында "Ауыл аманаты" пилоттық бағдарламасы аясында  республикалық бюджет есебінен 1,2 млрд теңге қаражат бөлінген. Аталған бағдарлама аясында 237 жобаны қаржыландыру жоспарланған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу