Маңғыстаудағы білім саласында жалған құжат жасағандар анықталды

553

Мұғалімдердің біліктілігін арттыру бойынша жалған сертификат алу фактісі тіркелді. 

Маңғыстаудағы білім саласында жалған құжат жасағандар анықталды Фото: stylishbag.ru

Қазіргі уақытта Маңғыстау облыстық полиция департаментінің анықтау басқармасы  Қылмыстық Кодексінің 385-бабы, яғни жалған құжаттарды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Бұл заңсыз әрекетті Ақтау қаласы бойынша білім бөлімінің "Нұртас Оңдасынов атындағы" №5 жалпы білім беретін мектептің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Жаңылсын Барсаева анықтаған.

"Мектеп басшылығы мұғалімдерге біліктілікті арттыру курсынан өту жөнінде тапсырма берген. Бірнеше мұғалім Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі "Өрлеу-Education" республикалық оқу-әдістемелік орталығынан өткенін растайтын сертификаттары заңсыз жолмен, яғни әр сертификат 17мың теңгеден сатып алынған және бұған мектеп басшылығының тікелей қатысы барына күмән келтірмеймін.",- дейді ол.

Өз кезегінде "Әділдік жолы" РҚБ Маңғыстау облыстық филиалы істің ақ-қарасын зерделеп, расында да сертификаттар заңсыз жолмен алынғанын анықтаған. Астанада орналасқан еліміздің Оқу-ағарту министрлігі "Өрлеу-Education" республикалық оқу-әдістемелік орталығына ресми хат жолдап, тізімдегі 40-қа жуық мұғалімнің біліктілік курсынан өтпегендігі туралы жауап алған. Сөйтіп мұғалімнен түскен арызды полицияға жолдап, қазір тергеу басталған.

Бұл дерекке қатысты Ақтау қаласы бойынша оқу-әдістемелік орталығының директоры Күлпан Мирова пікір білдірді. Оның сөзінше, әр мектептің мұғалімдері үш жыл сайын біліктілігін арттыруға міндетті және арнайы курстан өтуі тиіс. Себебі олар категорияға қарай айлық жалақы алады, ал біліктілігін арттыру курсынан өтпеген жағдайда мұғалімнің айлығына әсер етеді.

Сондай-ақ, оқу-әдістемелік орталығы тарапынан Ақтау қаласы №5 орта мектеп мұғалімдерін міндетті түрде біліктілікті арттыруы курсынан өту бойынша тапсырма берілмеген және мұғалімдер алданып қалған болуы мүмкін екендігін алға тартты. Сондай-ақ, мектеп әкімшілігі және мұғалімдер мемлекеттік немесе жекеменшік оқу орталықтарында өздерінің қаражаты есебінен оқуына заңмен тыйым салынбағанын айтады.

Қазір мұғалімдерді бірінен соң бірін тергеушілер шақыртып, жауап алуды бастап кетті. Бұл іс немен аяқталатыны әзірге белгісіз. Заңға сәйкес, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы немесе ірі көлемде айыппұл қарастырылған.

Жалпы өңірде мұғалімдердің біліктілігін арттырумен екі мемлекеттік оқу орталығы айналысады, сонымен қатар жекеменшік оқу орталықтары да бар. Еліміздің қылмыстық кодексінің 385 бабы бойынша биылдыққа бұл тіркелген бірінші дерек.     

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу