Маңғыстаудағы кәсіпорындарда 689 заң бұзушылық анықталды

630

Бұл туралы Маңғыстау облысы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұралы Баулыбаев мәлім етті.  

Маңғыстаудағы кәсіпорындарда 689 заң бұзушылық анықталды

Оның айтуынша, биыл өңірдегі кәсіпорындарға мемлекеттік еңбек инспекторлары 332 тексеру жұмысын жүргізді. 

"Тексеріс нәтижесінде жыл басынан бері 689 заң бұзушылық анықталған. Оның 410-ы еңбек қатынастарына қатысты. 269-ы қауіпсіздік және еңбекті қорғауға және тағы 10-ы халықты жұмыспен қамту бойынша болып отыр. Мемлекеттік еңбек инспекциясы заң бұзған кәсіпорындарға 5,7 млн теңге көлемінде 37 әкімшілік айыппұл салды", – деді Нұралы Баулыбаев.

Сондай-ақ биыл облыс аумағындағы кәсіпорындарда 31 жазатайым оқиға тіркелген. Осыған орай, басқарма арнайы комиссия құрып, тексеріс жұмыстарын ұйымдастырды.

"Маңғыстау облысының кәсіпорындарында барлығы 31 жазатайым оқиға тіркеліп, 33 адам зардап шеккен. Оның 31-і ауыр жағдайға тап болса, 2-уі мерт болды. Бұл көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 11,4%-ға төмендеген", – деді Нұралы Баулыбаев.

Айта кетейік, жыл басынан бері өңірдің 57 кәсіпорнында ҚР Еңбек Кодексінің соңғы өзгерістері бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Бірақ кейбір кәсіпорындар еңбек инспекторларының нұсқамасымен келіспей, жыл басынан бері 28 сот отырысы өтті.

Алмас Қылыш

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу