Маңғыстауда шаруаларға бөлінген 1,9 млрд теңге толық игерілмеген

1058

Министрлік игерілмеген қаражатты шаруаларға беру мәселесін 2022 жылы қарастырмақ.  

Маңғыстауда шаруаларға бөлінген 1,9 млрд теңге толық игерілмеген

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Маңғыстау облысындағы шаруаларға Үкімет резервінен бөлінген 1,9 млрд теңге неге толық игерілмегенін түсіндірді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Оның айтуынша, биыл Маңғыстауда 77 мың тонна шөп, 53 мың тонна мал азығы дайындалуы керек.

"Бүгінде өңірде 75 мың тонна шөп (98%), 45 мың тонна мал азығы (65%) дайындалды. 2021 жылы жазда жемшөпті арзандату үшін Үкімет резервінен 1,9 млрд теңге бөлінген. Оның 1,2 млрд теңгесі ғана игерілді. (Қаржыны игермеу – автор) мәселесі туындады. Бұл – өңірдегі мал басының бір бөлігі ақпараттық жүйелерде тіркелмеуімен байланысты. Сондықтан өңірде жасыл дәліз енгіздік, жұмыс жүргізіліп жатыр", – деді министр орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Ербол Қарашөкеев Үкіметтен бөлінген қаржының уақытында иегірілмеуіне қолданыстағы заңнама да кері әсерін тигізгенін жеткізді.

"Заңғы сәйкес бұл қаржы ұрғашы малға бөлінген. Осылайша, мемлекет ұрғашы мал басын сақтап қалуды көздеп отыр. Маңғыстау облысының шаруалары мал азығын арзандатуды, аталық малды өсіруге субсияды бөлуді сұрап отыр. Кеше біз бұл мәселені талқыладық. Нәтижесінде, 2022 жылғы қаңтарда комиссия құрып, Маңғыстау облысына жіберетін болдық. Үкімет бөлген қаржының игерілмеген бөлігін (шамамен 700 млн теңге – автор) шаруаларға беру мәселесін қарастырамыз", – деді басшы.

Сондай-ақ ол өңірде тіркелмеген мал басын тіркеу мәселесі шешіліп жатқанын атап өтті.

"Жасыл дәліз бойынша малдардың айтарлықтай бөлігі тіркелді. Алайда белгілі бір себептерге байланысты өңірде малын тіркегісі келмегендер бар. Мен оларға малын тезірек тіркеуге қоюға шақырамын. Біз оларды тіркеуге дайынбыз", – деді Ербол Қарашөкеев.

Министрдің айтуынша, Маңғыстау облысы әкімдігі шаруаларды жемшөппен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюжеттен 2,1 млрд теңге бөлген.

"Бұл қаржының жартысы 14 тонна шөп, ал 1 млрд теңгесі 10 тоннадан аса мал азығын сатып алуға жұмсалады. Осылайша, әкімдік әр ауданда жемшөптің болуын қамтамасыз етпек. АШМ бұл мәселені қырағы бақылауда ұстап отыр", – деді ведомство басшысы.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу