Маңғыстаудың ұмытылған бұлақтарын зерттеу экспедициясы басталды

983

Маңғыстаудың ұмытылған бұлақ көздерін іздеуге арналған зерттеу басталды. Жаяу экспедиция Түпқараған мүйісінен басталып, Тамшалы сайында аяқталады деп жоспарланып отыр. 

Маңғыстаудың ұмытылған бұлақтарын зерттеу экспедициясы басталды

Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Дәурен Түркпенбаев пен ұстазы Біржан Джумашев, тарих пәні мұғалімі Армат Дүйсалиев "Туған елге тағзым" экспедициясы аясында зерттеу жұмыстарын қолға алды. Зерттеушілер 40 шақырым жолды үш күнде жүріп өтіп, автокөлік жете алмайтын жерлерде орналасқан, бұл күндері ұмытылып бара жатқан бұлақтарға химиялық зерттеу жұмыстарын жүргізбек.

"Біздің қатарымызға Түпқараған мүйісінен биология пәнінің мұғалімдері қосылады. Олар анықталған бұлақ суларының құрамын зерттеп, сараптама жүргізеді. Осылайша біз ұмытылған бұлақтармен танысып қана қоймай олардың құрамын біле аламыз, - дейді саяхат жетекшісі Біржан Джумашев.

Экспедицияның басты мақсаты – су тапшылығын тартып отырған өңірге септігін тигізу. Оқушыларды туған өлке табиғатын зерттеуге, ізденуге баулу. Сапардан соң нақты зерттеу жұмысы жазылып, қорғалады.

"Мен осыған дейін де бірнеше экспедицияға шыққан болатынмын. Сондықтан үш күндік сапар маған өте қызықты болады деген үміттемін. Маңғыстау жерінің бұлақтарын зерттеу бұйырғанына  қатты қуанып тұрмын, - дейді сапарға аттанған Дәурен Түркпенбаев.

Экспедиция жоспары бойынша жолаушылар Түпқараған ауданындағы бес бұлақты зерттейді.

Алмас Қылыш

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу