Маңғыстауға қайтадан су келді

1594

"Астрахань-Маңғыстау" су құбыры түнгі сағат үшке дейін жөнделген.

Маңғыстауға қайтадан су келді

Бүгін "Астрахань-Маңғыстау" магистралды су құбырындағы жөндеу жұмыстары аяқталып, таңғы 07.30 сағаттан бастап Маңғыстау облысына су толық көлемде жіберіле бастады. Қазіргі уақытта судың қысымы 33 кг/см-ге дейін көтеріліп, құбыр бойы толтырылып, Бейнеу ауданынан асқан. 

Кеше Атырау облысының Құлсары аумағындағы "Астрахань-Маңғыстау" су құбырының жарылуына байланысты Маңғыстау облысындағы бірнеше елді мекен ауыз сусыз қала жаздаған.  Дегенмен,  одан су алып отырған Жаңаөзен қаласы,  Бейнеу, Қарақия, Маңғыстау аудандарының әкімдіктері тұрғындарды сабырға шақырып, қосымша резервуар бар екендігін және ондағы ауыз судың бірнеше күнге жететіндігін хабарлаған болатын.

"Авария Атырау облысы Жылыой ауданы орталығынан 20 шақырым жерде болды. Оның негізгі себебі – 1988 жылы салынған су құбырларының тозып, таттануы. Сөйтіп, екі метр су таратқыш істен шығып қалған", – деп хабарлады "Магистральды су таратқыш" ЖШС бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Асқар Құлтумиев.

Белгілі болғандай, оқиға орнында отыздан астам мен жиырмаға жуық техника уақытпен санаспастан жұмыс істеген. Ақыры түнгі сағат үште құбыр жөндеумен айналысып жатқан "Құлсары мұнай құбырлары басқармасы" мекемесі жұмысты толық аяқтап, су жібере бастайды. 

Айта кетейік, құбырдың ұзындығы 2000 шақырымды құрайды. Ол су Қазақстан мен Ресейдің Астрахан облысымен шекарасындағы Қиғаш өзенінен тартылады.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу