Маңғыстаулық дәрігерлер 8-қабаттан құлаған жасөспірімді аман алып қалды

413

Жасөспірімнің 3-ші дәрежелі травматикалық шок алғаны анықталды.

Маңғыстаулық дәрігерлер 8-қабаттан құлаған жасөспірімді аман алып қалды

8 қыркүйек күні кешкі сағат 21:30-да жедел-жәрдем бригадасымен Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасына құлаған баланы алып келді. Дәрігерлер дереу тексеру жұмыстарын жүргізді.

“Баланың жалпы жағдайын толық тексердік. Жасөспірімнің 3-ші дәрежелі травматикалық шок алғаны анықталды. Санасы милық команың 2-ші дәрежесі, көзінің қарашығы кеңейген. Бала ауырсынуға және қарауға жауап бермейді. Жедел түрде жасанды тыныс алу аппаратына қосып, шокқа қарсы терапияны бастадық”, - деді Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасы реанимация және қарқынды терапия бөлімің меңгерушісі Мереке Бекбаев.

Ақ халаттылар толық тексеру жүргізіп, басын, өкпесін, бел тұсын компьютерлік томографияға түсірді. Іш құрылысына ультра дыбыстық зерттеу жүргізілді. Баланың жабық бас ми жарақаты, бел омыртқасының сынуы диагнозы қойылды.

“2 күннен соң бала милық комадан шықты. Баланың тыныс алуы қалпына келгесін аппараттан өшірдік. Өзі демалып бастады, санасы айқын күйде. Реанимациядан хирургия бөліміне ауыстырдық. Балаға ешқандай ота жасалған жоқ. Шоктан шыққан соң жағдайы жақсарып, қазір хирургия бөлімінде емін жалғастыруда. Жалпы жағдайы қанағаттанарлық”, - деді дәрігер.

Жасөспірімнің жедел түрде емін жүргізіп, аман қалуына реаниматологтар, хирургтар, нейрохирургтар, медбикелер атсалысты. Ақ халаттылар уақытылы ем жүргізудің нәтижесінде жасөспірім баланы құтқарды.

Айта кетейік, бүгінгі күні 17 жастағы жасөспірім үйіне шығарылды. Алдағы уақытта оңалту орталығында реабилитациялық  шаралар жүргізіліп, дәрігерлердің тұрақты бақылауында болады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу