Маңғыстаулық кәсіпкерлер тұңғыш рет халықаралық ірімшік байқауында Қазақстанның намысын қорғамақ

281

Биыл олар Mondial du fromage-2023 халықаралық ірімшік байқауына қатысады. 

Маңғыстаулық кәсіпкерлер тұңғыш рет халықаралық ірімшік байқауында Қазақстанның намысын қорғамақ Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі

Түпқараған ауданындағы "Жеті лақ" фермасының негізін қалаушы Кобзевтер отбасы-ешкі мен түйе сүтінен ірімшік өнімдерін шығарумен айналысады. Ерекше атап өтетін жайт, бұл халықаралық конкурсқа Қазақстаннан үміткерлер бұрын соңды қатыспаған. Осы жөнінде және ірімшік өндірісінің мүмкіндіктері туралы кәсіпкерлер өңір басшысы Нұрлан Ноғаевқа Түпқараған ауданына жұмыс сапары кезінде айтып берді.

Маңғыстау "Жеті лақ" фермасы Le mondial du fromage-2023 халықаралық ірімшік байқауында Қазақстанның өнімдерін таныстырады. Бұл қазақстандықтардың конкурс ұйымдастырушыларынан аккредитация алған алғашқы жағдай.

2020 жылдан бастап жұмыс істейтін "Жеті лақ" фермасы Түпқараған ауданындағы Ақшұқыр ауылында орналасқан. Кәсіпкерлер пастерленген ешкі сүтін, йогурт, айран, сүзбе, қаймақ және ірімшіктің 12 түрін шығарады.

Кобзевтер отбасы айына 3,5 тонна ешкі сүтін өндіреді. Ферма 10 га жерді алып жатыр, оның төрт гектары ешкі өсіруге арналса, қалған аймақта жем-шөп қоймасы мен сүт өңдеу цехы орналасқан.

- Биыл біз өндірісті дамытуға бағытталған қайтарымсыз 5 млн теңге грант ұтып алдық. Сонымен қатар, "Ауыл аманаты" бағдарламаларының қатысушыларымыз. Ауыл шаруашылығы кәсіпорнын өз ақшаңа дамыту өте қиын, осы тұрғыда мемлекет ауыл шаруашылығы өндірушілеріне көңіл бөліп, қолдау көрсетіп отырғаны қуантады. Биылғы жылы біз үшін маңызды оқиға Mondial du fromage-2023 халықаралық ірімшік байқауына қатысу. Онда біз өз өнімдерімізді таныстырамыз. Айта кету керек, еліміз тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан алғаш рет әлемдік ірімшік жасаушылар байқауына өз өнімдерін ұсынатын болады, - деді ірімшік дайындаушы Александра Григолова.

Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев кәсіпорынның жетістігі мен Маңғыстау ірімшік өндірушілерінің әлеуеті зор екенін атап өтті.

- Маңғыстауда өндірілетін қазақстандық ірімшіктер жақын арада отандық экспортты дамытудың негізгі драйвері бола алады. Сіздер халықаралық деңгейдегі байқауда елімізді таныстыру мүмкіндігіне ие болғаныңыз қуантады. Сіздерге сәттілік тілей отыра, кәсіпкерлердің бастамаларын қолдауға әрқашан дайын екенімізді айтқым келеді - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.

Француздық Le Mondial du fromage байқауы қыркүйек айының 10-12 аралығында Тур қаласында өтеді. Еуропада өтетін бұл халықаралық іс-шара сүт өнімдерін шығарушы кәсіпкерлердің өз өнімдерін ұсына алатын жоғары деңгейдегі алаң болып табылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу