Бұл соңғы жылдардағы Еуропа шекарасындағы ең қайғылы оқиғалардың бірі саналып отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Алдын ала мәлімет бойынша, мыңдаған адам Сеутаға бір мезетте жетуге әрекет жасаған. Бір бөлігі теңіз арқылы жүзіп өтпек болса, енді бірі шекара қоршауын бұзып кіруге тырысқан. Соның салдарынан адамдар суға батып, кейбірі жаппай дүрбелең кезінде көз жұмған.
Испания билігі жағдайды бақылауға алу үшін Сеута жағалауында ұзындығы 500 метрлік қалқымалы бөгет орнатуды бастады. Су бетінен 30-70 сантиметр биіктікке көтерілетін және шамамен бір метр тереңдікке дейін түсетін бұл қорғаныс заңсыз көші-қонды тежеуге бағытталған. Сонымен қатар, шекара маңына қосымша қалқымалы белгілер қойылып, тек полиция катерлеріне арналған арнайы өткел қалдырылды.
Испания Премьер-министрі Педро Санчес жаппай шекара бұзу әрекетін елдің егемендігіне төнген қауіп деп бағалады. Оның айтуынша, Сеутаға жеткен мигранттар Шенген аймағына еркін өте алмайды. Анклавтан пароммен немесе әуе рейстерімен кеткісі келетіндердің барлығы полицияның қатаң тексеруінен өтеді.
Сеутадағы жағдай Еуропалық одақта да алаңдаушылық туғызды. Бірқатар мемлекет сыртқы шекараны қорғауды күшейтіп, заңсыз көші-қонға қарсы қосымша шаралар қабылдауды талап етуде.
Сарапшылардың пікірінше, Жерорта теңізі бағытындағы көші-қон қысымы алдағы айларда да бәсеңдемейді. Африкадағы әлеуметтік-экономикалық қиындықтар мен аймақтағы тұрақсыздық мыңдаған адамның Еуропаға жетуге тәуекел етуіне себеп болып отыр.