Сонымен қатар, облыс әкімінің әпкесі 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Екібастұз қаласының соты Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың әпкесін жазалады. Әлеуметтік желілерде 53 жастағы азаматшаға қатысты әкімшілік іс қоғам талқысына түсіп жатыр.
Қаулыда 2 патрульдік полицейдің Петренко көшесінде Hyundai Tucson автокөлігін тізгіндеген әйелді тоқтатқаны жазылған. Жүргізушіден алкогольдің иісі шыққанын сезген тәртіп сақшылары оны медициналық куәландыруға жіберуге шешім қабылдаған.
– Ол сәттердің бейнежазбаға түсірілмегені анықталды. Ал азаматша А. сотта көлік салонындағы бейнетіркегіші үнемі қуат көзінде тұратынын, тоқтаған сәтте ол қуат көзінен ажырап, түсірмей қалғанын жеткізген. Бұл уақытта полицейлердің бейнежетондары да техникалық ақауға байланысты жұмыс істемей тұрған, – деп жазылған сот қаулысында.
Әкімнің әпкесі сотта өзінің мас болғанын мойындаса да, көлік тізгінінде отырмағанын айтқан. Өз сөзінше, ол көліктің алдыңғы жолаушы орындығына жайғасқан.
– Полиция қызметкерлері оған келген сәтте ол көліктің салонында отырғанын, мас күйінде болғанын растады. Оның мас күйінде болу дерегі дау тудырмайды. Автокөлікті басқармағанын, қозғалтқышты іске қоспағанын мәлімдейді, – делінген қаулыда.
Аталған жайтқа байланысты өңір басшысы Асайын Байханов та өз пікірін айтып өтті.
– Менің үлкен әпкемнің әкімшілік жауапкершілікке тартылуына қатысты мынаны айта аламын: барлық азамат заң алдында тең. Менің әпкем де, отбасымыздың басқа мүшелері сияқты, бұл қағидаттан тыс емес, – деп нақтылады ол жеке парақшасында.