Машина жасау саласында өндіріс көлемі 5,7 трлн теңгеден асты

190

Былтыр көлік өндіру 18%-ға артқан. 

Машина жасау саласында өндіріс көлемі 5,7 трлн теңгеден асты Фото: dailyuknews.com

Бұл жөнінде ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков Қазақстан машина жасаушыларының XIII форумында мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Оның сөзінше, машина жасау саласы экономиканың негізгі тірегінің бірі болып қала береді. Бұл секторға өңдеу өнеркәсібінің 20%-ы тиесілі.

– 2025 жылдың қорытындысы бойынша сала тұрақты оң динамика көрсетті: өндіріс көлемі шамамен 18%-ға өсіп, 5,7 трлн теңгеден асты. Автомобиль жасау, теміржол және электротехникалық машина жасау сияқты сегменттер елеулі үлес қосты,  деді О. Сапарбеков.

Сондай-ақ мамандар форумда машина жасау саласына заманауи технологияларды енгізу, құрамдас бөлшектер өндірісін дамыту, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру т.б. мәселелерді талқылады. Олардың айтуынша, экспорттық әлеуетті күшейтуге де басымдық беріледі.

Бұдан бөлек сарапшылар Қазақстан өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тарту саясатын жүйелі түрде жүзеге асырып жатқанын атап өтті.

Алайда панельдік сессияның модераторы болған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев инвестицияға ғана сеніп отыра беруге болмайтынын жеткізді.

– Ұзақ мерзімді нәтижеге тек қаржылық инвестициялар есебінен ғана емес, сонымен қатар технологиялық базаны дамыту арқылы да қол жеткізуге болады. Бірлесіп жұмыс істеуге дайын технологиялар мен серіктестерді тарту маңызды. Бұл мақсатта білім трансферін, ғылыми-зерттеу және конструкторлық орталықтар құру керек. Сонымен бірге күрделі жабдықтарды елімізде өндіру және мамандар даярлау да – өзекті мәселелер, - деді А. Перуашев.

Айта кетейік Қазақстан машина жасаушыларының XIII форумы 3 сәуірге дейін жалғасады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу