Мәскеуде Қазақстандағы референдум қорытындылары талқыланды

148

Жиын Қазақстанның Ресейдегі елшілігі алаңында ұйымдастырылды. 

Мәскеуде Қазақстандағы референдум қорытындылары талқыланды Фото: Бекбау Тайманов

Мәскеуде Қазақстандағы референдум нәтижелеріне арналған дөңгелек үстел өтіп, қатысушылар жаңа Конституцияның ел дамуы үшін маңызын жан-жақты талқылады, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Іс-шараны ашқан Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев Орталық сайлау комиссиясының алдын ала мәліметтерін таныстырып, дауыс беру қорытындылары халықтың Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұстанған бағытқа деген сенімін көрсететін маңызды көрсеткіш екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Конституцияның қабылдануы – ел тарихындағы шешуші кезең.

Жиынға қатысқан ресейлік саясаткерлер мен сарапшылар референдумның ашық әрі заң талаптарына сай өткенін жоғары бағалады. Федерация Кеңесінің өкілі Андрей Денисов Қазақстанның жаңа конституциялық жүйе жағдайындағы дамуы қызығушылық тудыратынын айтып, екі ел арасындағы парламенттік ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.

Мемлекеттік дума депутаты Альфия Когогина референдум барысында заңбұзушылықтар тіркелмегенін, ал сайлаушылар белсенділігі азаматтардың еркін таңдау жасауына барлық жағдай жасалғанын көрсететінін жеткізді. Ресей СІМ өкілі Александр Стерник Қазақстан тарапының ашықтық қағидатын сақтағанын және халықтың ұсынылған өзгерістер туралы толық ақпарат алғанын айтты.

Сарапшылар жаңа Конституцияны уақыт талабына сай қабылданған құжат ретінде бағалады. Алексей Власов бұл реформаны орынды әрі қажетті қадам деп атап, жаңа редакция соңғы жылдардағы түбегейлі өзгерістерді бекітетінін айтты. Дмитрий Журавлев те Конституцияның жаңаруы заңды әрі дер кезінде жасалған шешім екенін жеткізді.

Сонымен қатар, Талия Хабриева құжаттың сапасына жоғары баға беріп, онда халықаралық тәжірибе мен ұлттық ерекшеліктер үйлесімді көрініс тапқанын айтты. Сарапшылар қазақстандықтардың жоғары азаматтық белсенділігіне де ерекше назар аударды.

Андрей Быковтың айтуынша, әлеуметтік желілердегі пікірлер азаматтардың референдумды ел болашағын айқындайтын маңызды оқиға ретінде қабылдағанын көрсетті. Ал Александра Перминова дауыс беруге қатысушылар санының көп болуын кең ауқымды түсіндіру жұмыстарымен байланыстырды.

"Валдай" клубының өкілі Андрей Быстрицкий Қазақстандағы саяси өзгерістерді жаңа қоғамдық модельдің қалыптасуымен байланыстырды. Оның пікірінше, жаңа Конституция елдегі саяси және әлеуметтік құрылымды жаңғырту үдерісін жеделдетеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу