Мәслихат төрағасының отбасын жертөлеге қамап, тонаған: Прокурорлар сот үкімін жойды

573

Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады.

Мәслихат төрағасының отбасын жертөлеге қамап, тонаған: Прокурорлар сот үкімін жойды Фото: alash.kz

Ақмола облысында Астрахан аудандық мәслихатының төрағасы Мейрам Қожахметтің үйіне жасалған қарулы шабуылға қатысты іс қайта қаралады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Кассациялық соттың шешімі бойынша үкімнің күші жойылды. Оқиға былтыр 15 шілде күні болған. Қылмыскерлер аудандық мәслихат төрағасының  үйінен ақша, бағалы зергерлік бұйымдар мен көлігін ұрлап кеткен.

Оларға тонау бойынша айып тағылып, 3 ер адам сотталды.

Бас прокуратура олардың әрекетін тонау емес, қарақшылық ретінде қарау керек деп, кассациялық наразылық енгізді. Себебі қарақшылыққа бөтеннің мүлкін иемдену мақсатында адамның өміріне, денсаулығына қатер төндірумен ұштасқан шабуыл жатады.

"Ақмола облысындағы істердің бірінде 3 ер адам тонау қылмысымен сотталған. Олар түнгі уақытта бетперде киіп, тұрғын үйге кіріп, жәбірленушілерге күш қолданып, аңшылық мылтықтың шолақ ұңғысымен қорқытып, ақша мен бағалы заттарды беруді талап еткен. Бас прокуратура сотталғандардың әрекеттерін тонау ретінде саралаудың дұрыс еместігіне назар аударып, кассациялық наразылық енгізді.

Жәбірленушілер қарумен төндірілген қатерді шынайы әрі өмірі мен денсаулығына қауіпті деп қабылдаған. Бұл ретте атыстың не қарудың жай-күйі туралы мәліметтердің болмауы өздігінен қарақшылық белгілерін жоққа шығармайды", – деп делінген ресми хабарламада.

Осылайша сот актілерінің күші жойылып, кассациялық сот қылмыстық істі қайтадан қарауға жіберді.

Тонау мен қарақшылықты ажырату кезінде тек іс жүзінде туындаған салдар ғана емес, шабуылдың сипаты, қолданылған күш пен жәбірленушіге төнген қатердің шынайылығы да ескерілмек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу