Биылғы маусым айында ресми дилерлер 21 861 жаңа жеңіл және коммерциялық автокөлік сатқан, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл былтырғы маусыммен (19 426 бірлік) салыстырғанда 12,5%-ға көп. Алғашқы жартыжылдықтың қорытындысында 105 886 автокөлік сатылып отыр.
Рекорд тіркелген екі жылдан кейін нарықтың өсу ырғағы бәсеңдегеніне қарамастан жаңа автокөліктерге сұраныс бұрынғыдай жоғары болып қалды. Дегенмен, брендтер арасындағы бәсекелестік кәдімгідей артып барады, жаңа ойыншылар бүкіл сегментте орнын бекітуін жалғастырып жатыр.
– Қазақстанның автокөлік нарығы әлеуетін арттыруда. Онша өзгермеген жалпы сауда көлеміне қарамастан, нарық ішінде күрделі өзгеріс болып жатыр: бәсекелестік артып келеді, ал баға, технологиялар және қызмет сапасына сатып алушылардың талабы күшейді. Қазір нарықта ауқым ғана емес, клиенттердің сұранысына тез бейімделу қабілеті де көрінеді, – дейді ҚАО президенті Анар Мақашева.
Маусым қорытындысында Chevrolet көшбасшы атанды, дилерлер 3117 автокөлік сатқан (+39,9%). Екінші орынға 3034 автокөлігі өткен Hyundai жайғасты (-26,0%). Үшінші орынға 2565 автокөлігі сатылып, саудасы екі есе өскен Changan көтерілді (+121,5%). Одан кейін Chery (1996 бірлік, +40,9%) және Haval (1677 бірлік, +63,8%) орналасты.
Алғашқы ондыққа тағы JAC (1 600 бірлік, +87,8%), Kia (1422 бірлік, -35,5%), Jetour (1230 бірлік, -17,6%), Toyota (964 бірлік, +13,5%) және Geely (692 бірлік -10,5%) кірді.
– Алғашқы жартыжылдық қорытындысы бойынша Қазақстан нарығында 17 586 автокөлік нәтижесімен Chevrolet үздік атанды (+32,2%), Hyundai 17 247 автокөлік (-28,6%) сатты. Kia 12 332 автокөлігін саудалап, үшінші орыннан көрінді (+8,9%).
Жылдың басты жаңалығы – 9471 автокөлік өткізіп, саудасын бірден 89,2%-ға ұлғайтқан Changan. Бұл брендтің төртінші орынға көтерілуіне мүмкіндік берді. Алғашқы бестікті 8143 автокөлік нәтижесімен Chery түйіндеді. Содан кейін Haval, Jetour, JAC, Toyota және Geely тұр, – деп жазылған ресми сайтта.
Модельдер қатарында Chevrolet Cobalt көптеп өткен, алғашқы жартыжылдықта оның саудасы 16 370 автокөлікке жетті. Екінші орынға Hyundai Tucson (8601 бірлік) орналасса, Kia Sportage үшінші болды (5200 бірлік).
Сонымен қатар тізімде Changan CS55 Plus (4017 бірлік), Hyundai Mufasa (3119 бірлік), Haval Jolion (2836 бірлік), Changan CS35 Max (2706 бірлік), Chery Tiggo 2 (2585 бірлік), Haval M6 (2396 бірлік) және Chery Tiggo 7 (2393 бірлік) бар.