Мәжбүрлі вакцинация: тұрғындар митингке шықты

1377

Жұртшылық Павлодар облысы әкімдігінің алдына жиналды.

Мәжбүрлі вакцинация: тұрғындар митингке шықты

Павлодар қаласының 100-ге жуық тұрғыны мәжбүрлі вакцинацияға қарсы екендіктерін білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Наразылық шеруі бейнеленген фотолар мен видеолар әлеуметтік желілерде тарады.

"Біз екпе қабылдау барысы ерікті түрде өтуін талап етеміз. Вакцина алуға мәжбүрлеуге ешкімнің құқығы жоқ", – деді жиналғандар.

Олар наразылықтарын білдіру үшін облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовтың жұрт алдына шығуын талап етті. Бірақ аймақ басшысы да, оның орынбасарлары да халық үніне құлақ асқан жоқ. Тек облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Азамат Байтенов тұрғындармен тілдесті.  

"Бұл жағдай митингке жатпайды. Азаматтар көшеге заңсыз шықты. Өздеріңіз білесіздер, бейбiт жиналыстар мен митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткiзудің бекітілген тәртiбi бар. Оған сәйкес, жиын ұйымдастырушылары алдын-ала жергілікті әкімшілікке өтініштерін жіберулері керек еді", – деді Азамат Байтенов.

Ол жиналған қауымға әрекеттері заңсыз екенін түсіндіріп, бастамашыл топ  құрып, қала әкімшілігінде бас қосуды және нақты сұрақтарға құзыретті органдардың жауап беруін ұсынды.

"Өкінішке орай, жиналған азаматтар оған келіспеді. Топ арасындағы арандатушылар әдейі шу көтеріп мәселені шиеленістірмек болды. Нақты сұрақтары мен ұсыныстары бар бірнеше адамды ғана көрдім. Олармен жүйелі әрі нақты конструктивті пікір алмастық",– деп түйіндеді басқарма басшысы.

Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жұртшылық жиналған аумаққа екі рет жедел жәрдем көлігі шақырылды.

"Заңсыз жиын барысында зардап шеккендер жоқ. Бір әйелдің стреске қатысты реакциясы болып, ал тағы бір келіншектің денесі қалшылдап, екеуі де №1 қалалық ауруханаға жеткізілді. Олардың жағдайы тұрақты. Дәрігер қарауынан соң амбулаторлық жағдайда ем қабылдауға жіберілді",– деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Екібастұз қаласында да мәжбүрлі вакцинацияға қарсы митинг өтіп, оған 50 адам қатысты. Облыстық полиция департаменті екі жиынның заңсыз өтуіне қатысты ешқандай ресми мәлімет берген жоқ.

Ажар Дәулетова

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу