Мәжіліс депутаты Цифрлық кодекстің ерекшелігін түсіндірді

271

Алғаш рет цифрлық ортада қоғамдық функцияларды орындайтын субъектілер ұғымы енгізіледі. 

Мәжіліс депутаты Цифрлық кодекстің ерекшелігін түсіндірді Фото: parlam.kz

Мәжілістің жалпы отырысында Цифрлық кодекс жобасы мен оған ілеспе түзетулер таныстырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның айтуынша, цифрлық объектілердің тізілімі қалыптастырылады. Бұл сенімді цифрлық нысандардың көпдеңгейлі ұлттық реестрі болады. 

"Кодекстің негізгі бөлімінде цифрлық құқық ұғымы енгізіледі. Бұл цифрлық ортадағы материалдық емес құқық түрі. Екі түрге бөлінеді. Айналымды цифрлық құқықтар – цифрлық қаржы активтері мен тауарлық цифрлық активтер. Утилитарлық цифрлық құқықтар – қолжетімділікті, пайдалануды және өзге де материалдық емес мүмкіндіктерді қамтамасыз ететін құқықтар", – деді депутат.

Бұл норма нақты секторды токенизациялауға және цифрлық активтер нарығын дамытуға құқықтық негіз жасайды делінген.

"Жазбалар түріндегі цифрлық деректер алғаш рет құқық объектісі ретінде танылады. Бұл деректердің экономикалық құндылығы болады әрі азаматтық негіздегі айналымға қатыса алады", – деп түсіндірді Екатерина Смышляева.

Алғаш рет цифрлық ортада қоғамдық функцияларды орындайтын субъектілер ұғымы енгізіледі, бұл қоғамдық мүддені сақтау жауапкершілігі тек мемлекеттік органдарға ғана қатысты емес дегенді білдіреді. Цифрлық объектілердің өмірлік циклі жоспарлау сәтінен бастап пайдаланудан шығаруға дейін қайта қаралады. Цифрлық жүйелерді архивтеу процедурасы реттеледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу