Мәжіліс депутаты Катонқарағай ауданындағы жағдайға алаңдаулы

874

Шекаралық ауданда ветеринарлық зертханалар жабылып жатыр. 

Мәжіліс депутаты Катонқарағай ауданындағы жағдайға алаңдаулы

Мәжіліс депутаты Ғазиз Құлахметов Шығыс Қазқастан облысында мал ұрлығы мен шөп өртеу қылмыстары тыйылмай тұрғанын айтып, шалғайдағы Катонқарағай ауданының проблемасын көтерді, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

"ШҚО шаруалары шығынға батуда. Олардың малы жиі ұрланады. Жергілікті полиция белсенді емес. Сондай-ақ ауыл тұрғындары ветеринарлық зертханалардың қызметіне қол жеткізе алмай отыр. Мал иелері күдіктілерді полицияға көрсеткен күннің өзінде бұдан ешқандай нәтиже шықпайтынын айтып дабыл қағуда", – дейді депутат.

Мәжіліс өкілінің айтуынша, облыстық полиция департаменті өңірде мал ұрлығы өткен жылмен салыстырғанда 12%-ға төмендеді деген ақпар берген екен. Алайда жергілікті тұрғындар бұл дерекпен келіспейтіндерін айтқан көрінеді.

"Мал ұрлау сияқты мәселелер фермерлердің дамуына, атап айтқанда, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге айтарлықтай зиян келтіреді", – деді ол.

Ғазиз Құлахметов осы болыстың Катонқарағай ауданында 2 жыл бұрын екі бірдей ветеринарлық зертхана жабылып қалғанын еске салды. Салдарынан аудан тұрғындары мал және ара шаруашылығы өнімдерін зертханалық сараптамасыз сатып отырған көрінеді. 

"Негізінен мұндай өнімдер мектептерге, балабақшаларға, асханаларға, кафелерге, мейрамханаларға тікелей жеткізіледі. Сараптама жүргізу және өнімнің тазалығын растайтын анықтама алу үшін 200 шақырым жердегі көрші ауданға барып-келудің өз қиындығы бар. Сегіз жыл бұрын аймақта зертханалар салуға қам жасалған еді. Ол үшін мемлекеттік қазынадан 125 миллион теңге бөлінді. Алайда тапсырыс берушілер мен құрылысқа тартылған мердігерлер сыбайлас жемқорлық бойынша сотталып, игі іс нәтижесіз аяқталды. Зертхананың жоқтығынан ауданның ветеринарлық дәрігерлері де қиындық көруде. Көктемде және күзде алынған жануарлар қанының сынамаларын Алтай қаласына тасымалдау мүмкін емес", – деген депутат ветеринарлық зертханалардың жұмысын жандандыруды және ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу-сату деректері енгізілетін электрондық-ақпараттық базаны әзірлеуді ұсынды.

Есжан Ботақара
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу