Мәжіліс газ нарығындағы делдалдарға тосқауыл қоятын заңды қабылдады

236

Тәжірибеде бір газ құбырында екі газ тарату компаниясының қатар жұмыс істеуі орын алып отыр. 

Мәжіліс газ нарығындағы делдалдарға тосқауыл қоятын заңды қабылдады Фото: baq.kz

Мәжіліс "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне газбен жабдықтау және тауарлық газды үнемді тұтыну мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Құжатты депутат Еділ Жаңбыршин таныстырды.

"Мәжіліс депутаттары "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне газбен жабдықтау және газды үнемді тұтыну мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына бастамашы болды. Аталған заң жобасы газ саласындағы жинақталған жүйелік теңгерімсіздіктерді жоюға, реттеудің тиімділігін арттыруға және елдің энергетикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған", – деді депутат.

Заң жобасы үш ірі жүйелік блокты қамтиды. Біріншісі – газбен жабдықтау саласындағы құқықтық және ұйымдастырушылық тетіктерді жетілдіру. Екіншісі – тауарлық газды үнемді әрі жауапты тұтыну қағидаттарын енгізу. Үшіншісі – сұйытылған мұнай газы нарығын реттеу мәселелерін жүйелеу. 

"Жыл сайын елді мекендерді газдандыруға елеулі көлемде бюджет қаражаты бөлінеді. Алайда салынған нысандардың бір бөлігі уақытылы пайдалануға берілмей отыр. Негізгі себептер – жобалық шешімдердегі кемшіліктер мен құрылыс-монтаж жұмыстарының олқылықтары, олар көбінесе нысанды қабылдау сатысында ғана анықталады, сондай-ақ газбен жабдықтау объектілерін беру рәсімінің шамадан тыс созылуы.

Бүгінгі таңда объектіні беру бірнеше кезең арқылы жүзеге асырылады (жергілікті атқарушы орган – Қаржы министрлігі – "Самұрық-Қазына" – QazaqGaz – QazaqGaz Aimaq). Соның салдарынан салынған көптеген объектілер жергілікті атқарушы органдардың балансында қалып, тиісті техникалық қызмет көрсетусіз отыр. Ең қиыны тұрғындар дер кезінде көгілдір отынды пайдалана алмауда", – деді мәжілісмен.

Еділ Жаңбыршин делдалдардың пайда болуы да өзекті мәселе екенін жасырмады.

"Тәжірибеде бір газ құбырында екі газ тарату компаниясының қатар жұмыс істеуі орын алып отыр, бұл "қос тарифтің" қолданылуына әкеледі. Мұндай схемалардан делдалдар пайда көріп, қаржылық жүктеме тұтынушылардың, негізінен халықтың мойнына жүктеледі. Осындай тиімсіз делдалдарды болдырмау мақсатында газ тарату компанияларының магистральдық газ құбырына міндетті түрде тікелей қосылуын заңнамалық тұрғыда бекіту ұсынылады", – деп атап өтті ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу