Мәжіліс "Қазақстан Халық Кеңесі туралы" Конституциялық заң жобасын жұмысқа қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Заң жобасы жаңа Конституция нормаларын іске асыру мақсатында әзірленді. Жоба қоғамдық келісімді нығайтуға, мемлекет пен қоғам арасында диалогты қамтамасыз етуге бағытталған. Заң жобасында Қазақстан Халық кеңесінің құқықтық мәртебесі, оның өкілеттіктері, құрамы және жұмыс тәртібі айқындалады.
Сонымен қатар регламент бойынша бірлескен комиссияның құрамына Мәжілістен келесі депутаттарды ұсынамыз: Аманжол Әлтай, Наталья Дементьева және Ерлан Саиров", – деді Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов.
Заң жобасын жұмысқа алуға және аталған депутаттарды бірлескен комиссияның құрамына сайлау ұсынылды.
