Мәжіліс Қазақстан-Франция арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы құжатты мақұлдады

447

Шартты іске асыру екі елдің қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастығының тиімділігін арттырады.  

Мәжіліс Қазақстан-Франция арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы құжатты мақұлдады Фото: inform.kz

Мәжілістің жалпы отырысында "Қазақстан Республикасы мен Франция Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы" ҚР Заңының жобасы мақұлданды, деп жазады inbusiness.kz.

Бас Прокурордың орынбасары Әсет Шыңдалиев халық қалаулыларына құжат жобасын таныстырды. Оның сөзінше, Қазақстан мен Франция арасындағы бұл шарт қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету тәртібін, одан бас тарту негіздерін, тергеу әрекеттерін жүзеге асыру жолдарын реттейді.

"Мұндай шарттар мына жағдайларда қажет болады. Мысалы, қылмыстық іс бойынша күдікті, куәгер немесе жәбірленуші шетелде тұрып жатқан болуы мүмкін. Ал, олардан жауап алу керек. Біздің құқық қорғау органдары өздігінен сол елге барып, тергеу әрекетін жасай алмайды. Одан басқа қылмыстық істі тергеуге қажет құжаттар, айғақ заттар, қылмыс құралдары немесе өзге де дәлелдемелер өзге елдің аумағында болуы мүмкін. Оларды өзіміз барып ала алмаймыз. Сол үшін құқықтық көмек туралы шарттар жасалады. Мұндай шарттар тергеудің толықтығын қамтамасыз ету үшін сұрау жолдап, куәгерден немесе жәбірленушіден жауап алуға, заттай айғақтарды тәркілеуге де мүмкіндік береді. Шетелдегі тергеу әрекеттері сол елдің заңнамасына сәйкес олардың тергеу органдарымен жүргізіледі. Бұл жағдайда шетелден алынған дәлелдердің заңдылығына қатысты сұрақ туындауы мүмкін", - деді ол.

Оның айтуынша, құқықтық көмек туралы шарттар осы мәселені шешіп, басқа елден алынған айғақтардың заңдылығын қамтамасыз етпек.

"Осыған дейін құқықтық көмек "өзара көмек" принципі негізінде жүзеге асырылған. Енді шартта екі жақтың құқықтары мен міндеттемелері нақты белгіленетін болды. Жалпы құқықтық көмек сұрау салу арқылы жүзеге асырылады. Сұрау салу заттарды тәркілеу, тінту, сараптама жүргізу, банктегі шоттарды анықтау, жауап алу, ақпарат алмасу мен басқа да тергеу амаладрын қамтиды. Сұрауда оның мақсаттары мен себептері, тергеуге қажет өзге де мәліметтер көрсетіледі. Мысалы, тінту жүргізу, мүлікті алып қою немесе оны тәркілеу сұратылса, орындаушы мемлекет алдымен сұрау салынған мүліктің өз аумағында бар-жоғын анықтайды. Егер де бар болса, мүлікті алып қояды, нәтижесін сұратушы жаққа хабарлайды. Содан соң сұрау салынған мемлекет ол бойынша түпкілікті шешім қабылдап болғанша, осы мүлікті сатуға немесе жалға беруге, тіпті мұраға өткізуге тыйым салады. Сонымен қатар мүлікті заңды иесіне қайтару мәселесі шешіледі", - деді Әсет Шыңдалиев.

Осы тұста Бас Прокурордың орынбасары нақты мысалдар келтіріп өтті.

"Бізге уақытша берілген адам Қазақстанға жеткізілген соң қылмыс жасаған болса да, оны біз Францияға кейін қайтаруға міндеттіміз. Себебі, ол адамды белгілі бір мақсаттар үшін және нақты мерзімге аламыз. Ал енді ол адамды Францияға қайтарған соң елімізде жасалған қылмыстар үшін жауапқа тарту мақсатында біз ол адамды өзара принцип негізінде ол адамды ұстап беру туралы мәселе көтере аламыз, не болмаса ол адамды қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін Францияға тиісті құжаттарды жібере аламыз. Франциядан келген адам біздің елде қылмыс жасаса, ол мәселе дәл осылай шешілетін болады. Осы тұста мына жайтқа тоқталғым келеді. Уақытша берілетін адамдар қамауда отырады, сол себептен ол адамдардың қылмыс жасау қауіптілігі өте төмен деп санаймыз", - деп жауап берді Әсет Шыңдалиев.

Қосымша баяндама жасаған ҚР Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комиетінің мүшесі, депутат Айнұр Нұркинаның сөзінше, бұл шарт қолданылмайтын мәселелер бар. Оған адамдарды тұтқындау және экстрадициялау туралы шешімдерді орындау, тәркілеу шараларын орындаудан басқа, қылмыстық үкімдерді орындау, жалпы қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайтын әскери құқық бұзушылықтар жатады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу