Мәжіліс Қазақстан мен Қатар арасындағы инвестицияларды өзара қорғау туралы келісімді ратификациялады

311

Келісім инвестициялық ахуалды жақсартуға ықпал етеді деп күтіліп отыр. 

Мәжіліс Қазақстан мен Қатар арасындағы инвестицияларды өзара қорғау туралы келісімді ратификациялады Фото: Inbusiness.kz

Мәжіліс депутаттары Қазақстан мен Қатар Үкіметтері арасындағы инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісімді ратификациялау бойынша заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Құжатты Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Назира Нұрбаева таныстырды.

"Елдер арасындағы экономикалық қатынастардың айтарлықтай нығаюын ескере отырып, екі елдің инвесторларын қорғау және қолдау мақсатында Қазақстан мен Қатар Үкіметтері арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім жасалды. Аталған келісім экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандартты қағидалары, ЮНКТАД принциптері және Дүниежүзілік банктің ұсыныстары негізінде жасалды", - деді министрдің м.а.

Назира Нұрбаеваның дерегінше, құжат тараптардың аумағында инвестициялық қызметті жүзеге асыру кезінде инвесторлардың халықаралық құқықтық кепілдіктерін қамтамасыз етуге бағытталған.

"Келісім инвестициялық қызметті жүзеге асыру кезінде инвесторлардың құқықтарының кепілдіктерін қамтамасыз ету арқылы ынтымақтастықтың құқықтық негізін құруды көздейді. Ол өтемақы төлеуді қамтамасыз ету арқылы экспроприациядан қорғауды, халықаралық арбитражға қол жеткізуді және, инвестицияларға қатысты елдердің әділ және тең қатынасын қамтамасыз етеді", - деді Назира Нұрбаева.

Айта кету керек, Қазақстан мен Қатар Үкіметі арасындағы инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісім 2022 жылғы 12 қазанда Астанада жасалған болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу