Мәжіліс зейнетақы жинағын пайдалануды мақұлдады

1106

Құжат сенаттың "сүзгісінен" өтсе, жобаны жүзеге асырудың механизмі жарияланады. 

Мәжіліс зейнетақы жинағын пайдалануды мақұлдады

2021 жылдың басынан бастап зейнетақы қорының салымшылары жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй сатып алу, емделу немесе қаржы компанияларының басқаруына беру үшін пайдалана алады. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин осылай деді. 

Ол зейнетақы жинағын пайдалану тетігі қолжетімді әрі түсінікті болуға тиіс екенін айтты. 

"Алдағы уақытта мемлекеттік органдар нақты механизмді жариялайды", – деді Нұрлан Нығматулин.

Спикердің сөзі көпшіліктің күмәні мен күдігін сейілтіп, үміт отын үрлегендей болды. Себебі бұған дейін ел арасында: "Зейнетақы жинағы келесі жылдың басында берілмейді, бұған қатысты заң жоқ" деген сөз тарады. 

Нұрлан Нығматулиннің түсіндіруінше, мәжілістің бірінші оқылымында мақұлданған "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы мәселені шешудің заңнамалық базасы болады. 

Айта кетейік, бүгін мәжілісте ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов 31 заңнамалық актіге, соның ішінде 14 кодекс пен 67 заңға өзгерістер мен түзетулер енгізілгенін, оның ішінде зейнетақы жинағын пайдалану мәселесі бар екенін мәлімдеді. 

"Әлеуметтік саясат бағыты шеңберінде азаматтардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделу ақысын төлеуге немесе жеке қаржы компанияларының басқаруына беру мақсатында пайдалану үшін түзету енгізілді", – деді министр. 

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу