Мәжіліске экологияға зиян келтіретін ұсыныстар түседі - депутат

297

Қоршаған ортаны қорғаудағы кәсіпорындардың қызметі.

Мәжіліске экологияға зиян келтіретін ұсыныстар түседі - депутат Фото: Inbusiness.kz

Бизнестің тұрақты дамуы мен еліміздің табиғи ресурстарын сақтау арасындағы тепе-теңдікті табу. Бүгін табиғат жанашырлары мен бизнес өкілдері осы тақырыпты талқылады. Жұмыс істеп тұрған бизнеске төнетін қатерлер, жаңа экологиялық стандарттарға ауыртпалықсыз көшу басқосудағы негізгі мәселе болды, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздік, энергетика мәселелерін жүйелеу жиында әңгіме болған өзекті тақырыптар. Қоршаған ортаны қорғаудағы кәсіпорындардың қызметі. Басқосуда осы ой електен өтіп, мамандар түрлі пікір білдірді. Мәселен, Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин елдегі кәсіпорындарда автоматты мониторингтік жүйені енгізу мәселесін көтерді. Депутат бұл мәселені бұған дейін де сөз етіпті. Десе де бұл бағыттағы жұмыстар баяу жүріп жатқан көрінеді.

"Автоматтық жүйе шығып жатқан лас заттарды анықтайтын. Ол әлі күнге дейін ірі компанияларда мен ірі экологиялық нүктелерде толық қондырылған жоқ. Бұл мәселені реттемей қоршаған ортаға шығып жатқан шығындыларды анықтау қиын болады. Екінші мәселе қоғамдық тыңдаулардың формальді өтуі. Бұл жөнінде де әлде де жұмыстар жасауымыз керек", - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин.

Зиянды шығындыларды азайтуда жақсы нәтижеге қол жеткізгіміз келсе, аталған жұмыстарды тезірек жүйелеуіміз керек, деді депутат. Айта кетейік, ірі кәсіпорындар мониторингтің автоматтандырылған жүйесін биыл 1 қаңтардан кешікпей орнатуы тиіс болған. Бірақ олар заңға бағынбай, кодекске құлақ аспай отыр. Айтпақшы 3 жыл бұрын қабылданып, бірақ 2021-дің шілдесінде қолданысқа берілген Экология кодексінің де шикі тұстары аз емес екен. Ал депутат Бақытжан Базарбек Мәжіліске экология үшін қауіпті ұсыныстар келіп түсіп жатқанын айтты.

"Біз Мәжілісте 7 ай болдық және бизнес тарапынан экологияға зиян келтіретін түсініксіз ұсыныстар келіп түсіп жатыр. Мұны қалай қарастыруға болады? Мысалы, қоғамдық тыңдаусыз, экологиялық рұқсатсыз және қоршаған ортаға әсерді бағалаусыз ерекше қорғалатын табиғи аймақтар аумағында карьерлер әзірлеу. Мұны қалай түсінуге болады? Ең өкініштісі, мұның артында мемлекеттік органдар тұр", - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытжан Базарбек.

Депутат сондықтан бірінші кезекте бизнес пен халықтың мүддесі сәйкес келуі керек, деп отыр. Ал кәсіп пен экологиялық қоғамдастық өкілдерін Парламентпен бірге ықпалдасып жұмыс істеуге шақырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу