Мәжілісте ақпаратқа қол жеткізу мәселелері бойынша заң жобасы таныстырылды

388

Мемлекеттік органдардың ақпаратты белсенді түрде таратуға қатысты жаңа міндеті, сондай-ақ оның ұғымы мен іске асыру тетігі енгізілуі мүмкін.

Мәжілісте ақпаратқа қол жеткізу мәселелері бойынша заң жобасы таныстырылды Фото: gov.kz

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр Қадыров Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында ақпаратқа қол жеткізу және қоғамдық қатысу мәселелері бойынша заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Ведомство өкілінің дерегінше, заң жобасының мақсаты – халықтың хабардар болуын, мемлекеттік сектордың ашықтық деңгейін, белсенділігі мен есеп беруін арттыру.

"Заң жобасын іске асыру бюджеттен қаржы шығындарын талап етпейді. Құжат халықаралық сараптама ұйымдарының (ЮНЕСКО, Internews, Еуропалық Access Info Group), қазақстандық үкіметтік емес ұйымдардың (Әділ сөз, Құқықтық медиа-орталық, Қазақстанның Азаматтық Альянсы және т.б.), сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың қатысуымен әзірленді. Ақпараттық кеңістікке жүргізілген мониторинг және жеке мен заңды тұлғалардың шағымдарын саралау нәтижесі ақпарат иеленушілердің "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" Заңының талаптарын сақтамау, азаматтардың бірқатар қоғамдық маңызы бар салаларда ақпараттық жабықтыққа не ақпараттың жеткіліксіз қолжетімділігіне тап болу мәселелерінің орын алғанын көрсетті", - деді спикер.

Министрлік аталмыш мәселелерді шешу мақсатында бірқатар ұсыныс тастады.

Соның бірі ақпараттың ашықтық презумпциясы қағидатын – халықаралық "алтын" ашықтық стандартын бекіту.

"Жекелеген жағдайларды қоспағанда (мемлекеттік құпиялар, заңмен қорғалатын құпиялар, ҚБПү), Ақпаратқа қол жеткізу туралы заң деңгейінде мемлекеттік органдардың барлық ақпаратын ашық деп айқындау. Бұл ретте, мемлекеттік органдар ақпаратқа қол жеткізуді тек белгілі бір мерзімге және құжаттың бір бөлігіне ғана шектеу қоюға құқылы болады", - деді ол.

Бұдан бөлек, заң жобасына сәйкес мемлекеттік органдар халыққа ресми ақпаратты өз бастамасымен (сұрау салусыз) жедел жеткізуге міндетті. Осы мақсатта мемлекеттік органдардың ақпаратты белсенді түрде таратуға қатысты жаңа міндеті, сондай-ақ оның ұғымы мен іске асыру тетігі енгізіледі.

"Бүгінгі таңда мүгедектігі бар адамдар үшін ақпаратқа қолжетімділік шектелген. Бұл интернет-ресурстардың, ақпараттық стендтердің, телебағдарламалардың, мерзімді, ғылыми, оқу-әдістемелік, анықтамалық-ақпараттық және көркем әдебиеттердің қолжетімділігі мәселесіне қатысты болып отыр. Осы орайда, мүгедектігі бар адамдар үшін ақпараттың қолжетімділігі мәселелерін Ақпаратқа қол жеткізу туралы заңда жеке бап және қағидат түрінде бекіту ұсынылады. 

Данияр Қадыровтың айтуынша, бүгінде депутаттық белсенділіктің және Парламент депутаттары бастамасымен әзірленетін заң жобаларының санының өсуі байқалып отыр.

"Депутаттық бастамалардың әзірленуінің жеңілдетілген тәртібінде жария талқылау жөніндегі талаптың көзделмеуі жұртшылық пен бизнестің қабылданып жатқан қоғамдық маңызы бар мәселелерден тыс қалу қаупін төндіруі мүмкін", - деді Мәдениет және ақпарат вице-министрі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу