Медициналық пойыздар шалғай станциялардың алты мыңнан астам тұрғынын қабылдады

957

Медициналық пойыздар шалғай станциялардың алты мыңнан астам тұрғынын қабылдады

"Денсаулық" және "Саламатты Қазақстан" медициналық пойыздарының дәрігерлері Қарағанды, Маңғыстау облыстарының 30-дан астам стансасын қамтыды. Бұл туралы "ҚТЖ" ҰК" АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

"ҚТЖ" ҰК" АҚ "Әлеуметтік жобалар қоры" корпоративтік қорының директоры Ербол Кеңгірбаевтың айтуынша, "шалғай станция тұрғындары тегін жоғары дәрежелі білікті медициналық қызметті тұтынады. Оның ішінде кәсіби дәрігерлік көмек көрсетіліп, қиындық туғызатын сырқаттарға  жақын маңдағы медициналық орынға жолдама беріледі. Әсіресе, біздің балаларға қызмет көрсетуіміз маңызды. Жергілікті тұрғындар медициналық пойызды қуана қарсы алады. Әсіресе, балаларға арналған түрлі аттракциондар да бар".

Ербол Кеңгірбаевтың айтуынша, "Денсаулық" пойызының дәрігерлері Бейнеу станциясының тұрғындарымен бірге осы өңірдегі әскери бөлімшедегі міндеттілердің және жаңадан шақырылғандардың денсаулығын да тексерген.  

Биыл екі пойыз сапарға шыққалы бері Қарағанды мен Маңғыстау облыстарының 6,5 мың адамын тексеруден өткізсе, олардың 1,5 мыңнан астамы балалар. Жалпы дәрігерлерге қаралу саны 31 мыңды құрады. 33 мыңнан астам диагностикалық бақылау жасалса, 133 амбулаториялық шағын оташылық қызметі көрсетілді. 400 әйел маммологтарға көрінсе, 1440 тұрғынға тіс дәрігерлерінің жәрдемі қажет болды.

Республикамыздағы медициналық пойыздарды "ҚТЖ" ҰК" АҚ "Әлеуметтік жобалар қоры" Корпоративтік қоры, "Самұрық Қазына" Трист әлеуметтік жобалар қоры, "Қазпошта" АҚ, денсаулық министрлігі ұйымдастырып, ішкі істер министрлігінің өңірлік басқармалары қолдау көрсетіп отыр.

Айта кетерлігі, "Саламатты Қазақстан" медициналық пойызы Қарағандыдан 11 сәуірде сапарға шыққан болатын. Ол биылғы қарашаның 6-сына дейін еліміздің орталық, солтүстік, шығыс өңірлерін қамтиды.

Алматы-1 стансасынан  18 сәуірде сапарға шыққан "Денсаулық" пойызы Қазақстанның оңтүстік және батыс өңірлеріне қызмет көрсетеді. Бұл пойыз құрамы биылғы желтоқсанның 20-сына дейін жүретін болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу