Технологиялардың қарқынды дамуы мен еңбек нарығындағы өзгерістерге байланысты Қазақстанда мектеп бағдарламалары жасанды интеллект бағыты бойынша жаңартылып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл жұмыс Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы педагогтердің тамыз конференциясында берген тапсырмасына сәйкес жүзеге асуда.
2025 жылы "Жасанды интеллект туралы" заң, ал 2026 жылы орта білімге жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі Президент Жарлығы қабылданды. Соның негізінде мемлекеттік білім беру стандарты, оқу жоспарлары мен бағдарламалары жаңартылды.
Енді 1–4-сыныптардағы "Цифрлық сауаттылық" пәні "Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект", ал 5–11-сыныптардағы "Информатика" пәні "Информатика және жасанды интеллект" деп аталады.
Жаңарту тек пән атауларымен шектелмейді. Бағдарламаларға жасанды интеллект бойынша жаңа бөлімдер мен 43 оқу мақсаты енгізілді.
1–4-сыныптарда (17 оқу мақсаты) оқушылар жасанды интеллектпен танысып, цифрлық қауіпсіздік, жеке деректерді қорғау және жауапты онлайн мінез-құлық негіздерін меңгереді.
5–9-сыныптарда (14 оқу мақсаты) жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалану, дұрыс сұраныс құрастыру, нәтижені сыни бағалау, киберқауіпсіздік пен академиялық адалдық қағидаттары оқытылады.
10–11-сыныптарда (12 оқу мақсаты) машиналық оқыту, нейрондық желілер, деректерді талдау, қолданбалы криптография және жасанды интеллектіні практикада қолдану негіздері қарастырылады.
Жаңартылған бағдарламалар өткен оқу жылында апробациядан сәтті өтіп, оң сараптамалық қорытынды алған. Қазір оларды бекіту рәсімі жүріп жатыр. Сонымен қатар мұғалімдерге арналған жасанды интеллектіні тиімді әрі қауіпсіз қолдану бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірленуде.