"Мектепке жол" акциясы: Жалпыға білім беру қорынан 18,7 млрд теңге бөлінеді

744

Қайырымдылық акциясы 2008 жылдан бастап 1-30 тамыз аралығында елдің барлық өңірінде өткізіліп келеді.   

"Мектепке жол" акциясы: Жалпыға білім беру қорынан 18,7 млрд теңге бөлінеді Фото: inbusiness.kz

Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан "Мектепке жол" республикалық акциясының өту барысына тоқталды, деп жазады inbusiness.kz

Еділ Оспанның мәліметінше, оқу жылының басталуына дайындықтың маңызды бағыттарының бірі – көмекке мұқтаж отбасы балаларына арналған қажетті көмекті ұйымдастыру.

"Мемлекет жыл сайын мұқтаж ата-аналарға балаларын мектепке дайындау үшін барынша көмек көрсетіп жатыр. Бұл санаттағы балалардың саны республика бойынша 450 мыңды құрап отыр. Елімізде мұқтаж отбасыларға қаржылай көмек көрсету үшін жалпыға бірдей білім беру қоры қалыптастырылған. Биыл осы қордан көмек көрсетуге жататын оқушылар үшін мектеп формасына және оқу құралдарын сатып алуға 18,7 млрд теңге бөлінеді деп күтілуде", - деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Жалпыға білім беру қоры арқылы берілетін қолдау қаражаты жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынан айырылған балаларға, сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек алатын, жан басына шаққанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз және әлеуметтік көмек алуға құқылы отбасыларға арналған. 

Сондай-ақ жаңа оқу жылы қарсаңында ТЖ салдарынан жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балалар да қаржылай көмек алады. 

"Мәселен, Абай облысында өрттен қаза тапқандардың балаларына 500 мың теңге көлемінде материалдық жәрдем көрсетілгені белгілі", - деді спикер. 

Айта кету керек, еліміз бойынша 390 мыңға жуық бүлдіршін бірінші сыныпқа барады. Осылайша мектептердегі білім алушылар саны 3,9 млн-ға дейін өседі деп күтіліп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу