Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкімет отырысында педагогтердің жұмысын бюрократиядан арылту мақсатында қандай жұмыс жүргізілетінін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оқу-ағарту министрлігі Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын орындау бойынша бірқатар шараларды қабылдайтыны айтылды.
Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, педагогтердің кәсіби қызметіне тән емес жүктемесін азайту және олардың қоғамдағы мәртебесін нығайту мәселесі өте өзекті.
"2020 жылы №130 бұйрықпен білім беру ұйымдары педагогтері жүргізуге міндетті 25 құжаттың тізбесі бекітілген. Осыған орай Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес педагогтердің жұмысын бюрократиядан арылту мақсатында министрлік бұл құжаттар тізбесін 5-ке дейін қысқартуды көздеп отыр. Атап айтқанда: 1) сабақ жоспары; 2) үлгерімді онлайн журналда толтыру; 3) қосымша білім беру педагогтері үшін сабақтан тыс жоспарын есепке алу журналы; 4) сынып жетекшілеріне арналған "Адал азамат" бағдарламасын іске асыру жоспары; 5) сұраныс бойынша оқушыларға берілетін мінездеме. Тиісті нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізілетін болады", – деді министр.
Министрлік тарапынан қайталанатын функцияларды анықтау, деректерді интеграциялау және шығыстарды оңтайландыру мақсатында орта білім беру саласындағы цифрлық жүйелердің тиімділігіне бағалау жүргізілді.