Мектептерде орын тапшылығы туындауы мүмкін

1224

Елімізде өткен жылы шамамен 460 мың сәби дүниеге келген. Бұл салыстырмалы түрде алсақ, жақсы көрсеткіш.

Мектептерде орын тапшылығы туындауы мүмкін

Көрсеткіш осы деңгейде сақталса, 6-7 жылдан кейін Қазақстандағы мектептерде орын тапшылығы туындауы мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы energyprom.kz-ке сілтеме жасап.

БҒМ мәліметінше, еліміздегі 7 429 мектепте 3,4 млн-нан аса оқушы білім алып жатыр. Оның 137-сі үш ауысымды мектеп, тағы 37 білім мекемесі апатты жағдайда тұр.

Primeminister.kz дерегінше, 2020 жылдың соңында еліміздегі мектептердегі орын тапшылығы 168 мың болған.

"Атамекен" ҰКП Адами капиталды дамыту департаментінің директоры Ләззат Шонаеваның айтуынша, 2021 жылы мектептердегі орын тапшылығы – 264,8 мың.

Бұл деректер Қазақстанда мектеп жетіспей жатқанын көрсетеді. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ), жеке мектептер желісін дамыту, мемлекеттік бюджет есебінен мектептер салу сынды тетіктермен мәселені шешу жоспарланып отыр.

Қазіргі таңда Білім және ғылым министрлігі (БҒМ) әкімдіктермен бірлесіп, 800 мектепті салу бойынша жол картасын әзірлеп жатыр.

Сонымен қатар осы жылы Қазақстанда МЖӘ жобаларының жаңа форматы іске қосылды: білімді жан басына қаржыландыру форматы.

Бұл жаңа тетік бойынша мемлекет тек білім беру қызметіне, ал жеке серіктес объектінің техникалық жағдайына жауап береді.

МЖӘ шартының мерзімі аяқталған соң мектеп коммуналдық меншікке беріледі. Бұл оқушыларды жаңа орындармен қамтамасыз етіп қана қоймай, жергілікті бюджеттерге түсетін жүктемені азайтады. Жаңа тәсілді қолдану отандық және шетелдік инвесторлар мен құрылыс компанияларын тартуға мүмкіндік береді. 

Жалпы білім беру саласының әртүрлі сегментінде МЖӘ тетіктері бұрыннан іске қосылған. Қазақстандық мемлекеттік-жекешілік әріптестік орталығындағы 1343 жобаның 716-сы (53,3%) білім беру саласына тиесілі.

Алайда бұл мәселені бүгіннен бастап шешу керек. Primeminister.kz дерегінше, демографиялық және көші-қон процестерін ескерсек, алдағы уақытта қалалардағы орта білім беру ұйымдарында орын жетіспеуіне байланысты мәселе туындауы мүмкін.

Болжамға сәйкес, 2025 жылы мектептердегі орын тапшылығы 670 мың орынға жетуі мүмкін.

Сонымен қатар 2020 жылы елімізде 460 мыңға жуық сәби дүниеге келген. Бұл рекордтық көрсеткіш болып саналады. Осыған дейін көрсеткіш шамамен 400 мың деңгейінде болған. Бұл балалар 6-7 жылдан кейін мектепке барады.

МЖӘ, инвесторлар мен құрылыс компанияларын ынталандыру және тетіктерді жылдам іске қоспасақ, болашақта Қазақстандағы мектептерде орын тапшылығы мәселесі туындауы мүмкін.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу