Елімізде шахматты мектеп бағдарламасына енгізу бағытындағы жұмыстар күшейтіледі. Бұл туралы Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның айтуынша, қысқа видеолар, ойындар, әлеуметтік желілер – бәрі де баланың назары үшін үздіксіз бәсеке жүргізіп жатыр. Соның салдарынан балалардың зейіні төмендеп, жаңа ақпаратты терең түсінуі мен бастаған істі соңына дейін жеткізуі қиындай түсуде.
"Сол себепті бүгінде мектептің тек білім беріп қана қоймай, балаларды ойлауға, талдауға және зейін қоюға үйретуі маңызды. Бұл жерде шахмат өте тиімді құрал бола алады. Бұл жай ғана ойын емес. Шахмат логиканы, есте сақтау қабілетін дамытады, шешім қабылдауға және өз әрекетінің салдарын түсінуге үйретеді.
2023 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда шахматты дамыту жөніндегі Кешенді жоспарды әзірлеп, Үкімет қаулысымен бекіттік. Оның негізгі бағыттарының бірі – шахматты мектептерге енгізу. Жоспар бойынша 2027 жылға қарай бағдарлама 1 400 мектепті қамтуы тиіс еді. Қазірдің өзінде бұл межеден асып түстің. Мұғалімдер мен ата-аналардың сұранысына байланысты бағдарламаға 1 500-ден астам мектеп қатысып отыр", – делінген жазбада.
Олардың басым бөлігі – ауыл мектептері. Дәрмен Сәдуақасовтың сөзінше, мұғалімдер тарапынан да қызығушылық артып отыр. Бүгінде біліктілікті арттыру курстарында 3 500-ден астам педагог оқытылды. Биыл тағы 2 мың мұғалімді оқыту жоспарланған.
"Бес педагогикалық жоғары оқу орнында Minor бағдарламасы арқылы шахмат пәні мұғалімдерін даярлау басталды. Қазірдің өзінде 200-ден астам студент оқып жатыр. 2028 жылға қарай кемінде 1 000 түлек дайындалады деп күтілуде. Кеше осы бағдарламаның әрі қарай дамуын Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменовамен талқыладық. Бұл бағытты күшейту қажет екеніне толық қолдау білдірілді. Қазақстан шахмат федерациясымен бірлесіп, министрлік жанынан тиісті жұмыс тобы құрылады және барынша қолдау көрсетіледі", – деді Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президенті.