Бір ғана мысал, жетісулық тұрғынға айып тұрағындағы көлігі қайтарылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Мемлекет басшысының бастамасымен тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет әкімшілік рақымшылық жүргізіліп, ол жаңа халықтық Конституцияның алғашқы практикалық жүзеге асырылған маңызды бастамаларының біріне айналды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың азаматтарға деген қамқорлығының көрінісі болған бұл бастама жүздеген мың адамға мемлекеттің нақты қолдауын сезінуге мүмкіндік берді, – деді Берік Асылов.
Бір айға жуық уақытта 681,7 мың азаматқа қатысты 1,3 млн әкімшілік іс бойынша әкімшілік жазаларды орындау тоқтатылған. Жалпы сомасы 22,8 млрд теңгені құрайтын айыппұлдар кешіріліп отыр. Рақымшылық ӘҚБтК-нің 380-нен аса бабын қамтыды. Оның ішінде салық, кеден, санитариялық, экологиялық құқық бұзушылықтар, кәсіпкерлік, сауда саласындағы және басқа да әкімшілік құқық бұзушылықтар бар.
– Олардың қатарында полиция, мемлекеттік кірістер, экология, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және өзге де мемлекеттік органдар анықтаған, әкімшілік қамаққа алуды көздемейтін әрі рақымшылыққа жатпайтын құқық бұзушылықтар санатына кірмейтін көптеген құқық бұзушылықтар қамтылды.
Прокуратура органдарының толық цифрлық дайындығының және барлық мемлекеттік органның үйлесімді жұмысының арқасында рақымшылық бір айға жетпейтін мерзімде іске асырылды. Азаматтардан ешқандай өтініш-талап етілген жоқ, олар мемлекеттік органдарды араламады, құжат жинамады және өзге де бюрократиялық рәсімдерден өтпеді, – деп сөзін толықтырды Бас прокурор.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің тоқтатылғаны жөнінде азаматтар СМС-хабарлама арқылы хабардар етілген.
– Көптеген отбасы үшін бұл тек қаржылық жүктемеден босату ғана емес, сондай-ақ атқарушылық іс жүргізулердің тоқтатылуын, қойылған шектеулердің алынуын, бұрын арнайы тұраққа қойылған көлік құралдарының қайтарылуын және өмірді жаңа парақтан бастау мүмкіндігін білдірді.
Азаматтар мұндай мемлекеттік қолдауға ризашылықтарын білдіріп, оның тиімділігіне жоғары баға беруде.
Соның бір айқын мысалы – Жетісу облысының тұрғыны. Оның автокөлігі жыл басынан бері айыппұлдардың төленбеуіне байланысты арнайы тұрақта тұрған. Әкімшілік рақымшылық туралы заңның қолданылуы нәтижесінде оған қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер тоқтатылып, полиция автокөлігін иесіне қайтарды, – деді Берік Асылов.
Жалпы, Президент бастамасын іске асыру барлық мемлекеттік органнан (прокуратура, ішкі істер, мемлекеттік кірістер, экология органдары, жергілікті атқарушы органдар және басқалар) ерекше жауапкершілікті талап еткені анық.
Ең негізгісі, рақымшылық жасауға құқығы бар әрбір азамат оны міндетті түрде алуға тиіс, ал заң талаптарына сәйкес келмейтін ешкім бұл мүмкіндікті пайдаланбауы қажет.