Мемлекет басшысы Франция бизнесінің өкілдерімен кездесті

1035

Қазіргі уақытта Қазақстанда француз капиталының қатысуымен Orano, Alstom, Air Liquide, Airbus сияқты 160-тан астам трансұлттық компания жұмыс істейді. 

Мемлекет басшысы Франция бизнесінің өкілдерімен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Франция Қазақстанның Еуропалық одақ аясындағы негізгі серіктесі екенін және еліміздің екіжақты ықпалдастықты дамытуға баса мән беретінін айтты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

"Екі мемлекет арасындағы өзара қарым-қатынастар тұрақты әрі жоғары деңгейде. Біз Франция Президенті Эмманюэль Макронның Қазақстанға жасайтын алдағы сапары екіжақты ынтымақтастықты дамытуға тың серпін береді деп санаймыз", – деді Мемлекет басшысы.

Қазіргі уақытта Қазақстанда француз капиталының қатысуымен Orano, Alstom, Air Liquide, Airbus сияқты 160-тан астам трансұлттық компания жұмыс істейді. 2018 жылы елдеріміз арасындағы тауар айналымы 32 пайызға артып, 4,5 миллиард долларға жетті.

"Мен мұны жақсы көрсеткіш деп есептеймін. Соған қарамастан оны жақсартуға үнемі ұмтылуымыз керек. Биылғы көрсеткіштерде де оң қарқын байқалады. 9 айдың ішінде тауар айналымы 5,5 пайызға өсіп, 3,4 миллиард долларға жетті. Жалпы Қазақстан экономикасына салынған француз инвестициясының көлемі 16 миллиард долларға жуық", – деді Президент.  

Президент француз бизнесмендерінің назарын екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға негізделген көптеген бағыттарға аударып, оларды агроөнеркәсіптік кешен және экономиканың басқа да секторларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін серіктес болуға шақырды.

"Қазақстанның бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде мүмкіндігі зор. Елімізде 25 миллион гектар егістік пен 186 миллион гектардан астам  жайылымдық жер бар. Бұл орасан зор ресурс және резерв. Географиялық тұрғыдан біз үлкен әрі жоғары төлемқабілеттілігі бар Қытай, Еуропа, Таяу Шығыс және Индия нарықтарына жақынбыз", – деді Мемлекет басшысы. 

Қазақстан Президенті өз сөзінде инновация, цифрлық экономика салаларындағы ынтымақтастықтың маңызы зор екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев қаржы секторындағы іс-қимылдарды кеңейтуге және "Астана" халықаралық қаржы орталығының жұмысына қатысуға шақырды.

Көлік-транзит инфрақұрылымын дамыту мәселесіне тоқталған Мемлекет басшысы Қазақстан арқылы Азия мен Еуропаны жалғайтын халықаралық көлік дәлізі өтетінін, Қытайдың "Бір белдеу, бір жол" жаһандық бастамасымен ұштасатын "Нұрлы жол" бағдарламасының жүзеге асырылып жатқанын айтты. Бұдан бөлек көліктік және туристік әлеуетті арттыру мақсатында еліміздің жетекші әуежайларында "ашық аспан" жүйесі енгізілді.     

Президент Францияның туризм саласындағы табысты тәжірибесін зерттеуге және енгізуге еліміздің мүдделілігін атап өтіп, Қазақстанның франциялық туристерді қабылдауға дайын екенін мәлімдеді.

Қазақстан-Француз іскерлік кеңесінің тең төрағасы Ив-Луи Даррикаррер инвесторлардың бірлескен жобаларды дамытуға ниетті екенін жеткізді.

"Мен француз компанияларының Қазақстанның кәсіпорындарымен ұзақ мерзімге негізделген ынтымақтастықты дамытуға ниетті екенін айтқым келеді. Олар қосымша жобаларды дамытуға үмітті және қазақстандық билікпен жұмыс істеуге әзір", – деді Ив-Луи Даррикаррер.

Кездесу барысында Қазақстандағы Total компаниясының басшысы Алем Фрига-Ной, Air Liquide компаниясының вице-президенті Филипп Кристодолу, Alstom компаниясының Таяу Шығыс елдері бойынша аға вице-президенті Дидье Флежер, Renault кәсіпорнының аға вице-президенті Николя Мор, Idemia компаниясының аға вице-президенті Изабель Лозон, Orano mining компаниясының бас директоры Николя Маэс, Vicat компаниясының аймақтық директоры Пьетро Кала және басқа да француз бизнесінің өкілдері сөз сөйледі.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев осы іс-шараның Қазақстан мен Франция арасындағы байланыстарды нығайтуға септігін тигізетініне, өзара тиімді жаңа жобалардың бастауы болатынына сенім білдірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу